Дәрігерлердің айтуынша басқа қатерлі ісік ауруларымен салыстырғанда бұл дерттің алдын алуға болады.
ERNUR.KZ. Өткен жылы Қазақстанда екі мыңға жуық әйелден жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталды. Онкологиялық аурулар бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, деп жазады Azattyq Rýhy.
Онколог мамандарының мәлімдеуінше қыз-келіншектерде жатыр мойны обырын анықтау жеңілдеген. Басты себеп – әйелдердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамауы. Скринингтік тексерулерден өту, гинеколог маманға қаралу – ауыр дертті болдырмаудың маңызды факторы болып есептеледі. Мәселен, өткен жылы тек скринингтің арқасында 14 әйелде қатерлі ісік ерте сатысында анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Солтүстік Қазақстанда өткен жылы 202 әйел сырқаттанған. Соның ішінде 14 қыз-келіншек қатерлі ісіктен көз жұмды. Жалпы, қазіргі таңда онкологиялық диспансердің есебінде 499 әйел тұр.
«Жатыр мойны обыры әйелдердің қатерлі ісіктерінің арасында кездесу жиілігі бойынша екінші орында тұр. Егер 2018 жылы жатыр мойны обыры 51 әйелде анықталса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 73-ті құраған. Бұл дертпен 50-60 жаста да ауырады. Ең бастысы әйелдер тазалықты ұстануды ұмытпай, гинеколог маманға үнемі қаралуы тиіс. Мұнымен қоса, скринингтік тексерулерден өтуді ұмытпаған абзал», - дейді облыстық көпбейінді аурухананың онко-гинекологы Наида Набиуллина.
Жалпы, жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуына бірнеше себеп бар. Олар ерте жыныстық жетілу, 20 жасқа дейін және 40 жастан кейін босану, жыныстық гигиенаның болмауы. Бұл дертті анықтаудың бірнеше түрі де бар. Бірақ ең тиімдісі – скрининг.
«Скринигтік бағдарламаның басты мақсаты – жатыр мойны обырын уақытылы анықтау. Әсіресе есепте тұрмаған 36-50 жас аралығындағы қыз-келіншектерде. Скринигтік бағдарлама екі деңгейден тұрады. Біріншісі ол кәдімгі дәрігер маманға қаралу болса, екіншісі медициналық талдау жасау. Өткен жылы облыста 22 мыңға жуық әйел тексерілді», - дейді Наида Набиуллина.
Дәрігерлердің айтуынша басқа қатерлі ісік ауруларымен салыстырғанда бұл дерттің алдын алуға болады. Тіпті емдеуге де келеді. Тек уақытылы білікті маманға қаралған жөн.