Қазақстандағы қаңтар тәртіпсіздіктерінің жаңа видеосы жарияланды

0
695

Бұл кадрлар ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көрсетілді.


Қазақстандағы қаңтар тәртіпсіздіктерінің жаңа видеосы жарияланды

ERNUR.KZ. Қазақстанның ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғалары кезінде орын алған тәртіпсіздіктердің жаңа бейнежазбасын жариялады, деп жазады Stan.kz.

Бұл кадрлар ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көрсетілді.

ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов 5 қаңтарда Атырауда облыс әкімдігінің ғимаратын күзетуге келген полиция қызметкерлерін орталық көшелердің бірінде топ болып, соққыға жыққан екі тұрғынның ұсталғанын айтты.

"Видеодан шабуыл жасаушылардың қызметкерлердің бірін жерге құлатып, оны тепкілеп таяқпен ұрғанын, ал екіншісіне қолдары мен аяқтарын қатар сермеп, басына "каскамен" ауыр соққы жасағанын көруге болады", – деді Әділов.

Оның айтуынша, осы қалада тәртіпсіздіктерге қатысқандар жедел жәрдем көлігін бөгеп, ауруханаға апара жатқан полицейлерді қайта-қайта таяқтың астына алған.

Санжар Әділов қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Қызылордадағы қауіпсіздік қызметкерлеріне қарсы КАМАЗ айдаған ер адам ұсталғанын қосып өтті.

"Көлікпен үстінен басып өткен ұлттық ұланның 19 жастағы мерзімді қызметкері оқиға орнында жан тапсырған. Ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды, ол қызметінен тыс уақытта бағдарлама жасаумен және философияға әуес болған. Қарағанды техникалық университетінде білім алған. Алдағы өмірге үлкен жоспар құрып, IT-маманы болуды армандаған", – деді билік өкілі.

Осы аталған күні Қызылордада тағы бір шабуылшы КамАЗ әскери көлігін басып алған. Ішкі істер министрлігі өкілінің сөзінше, ер адам ауыр жүк көлігінің көмегімен электр бағанасын зақымдап, бейнебақылау камераларын істен шығарған. Содан жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алу үшін көлікпен қоршау қақпасын бұзып өткен.

"Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде тәртіп сақшыларына дене жарақатын келтіру үшін темірден таяқ жасап, оны "Газель" көлігімен қала көшелерін аралап жүріп, шерушілерге таратқан алты адам қолға түсті", – деді Әділов.

Санжар Әділов сонымен қатар Талдықорған қаласында 5 қаңтардағы тәртіпсіздіктердің бел ортасында жүріп, қалалық полиция бөлімінің ғимаратынан жеті "Макаров" тапаншасы мен бір "Калашников" автоматын ұрлап кеткен үш қала тұрғының ұсталғанын да жеткізді.

Ұрланған қарулар тәркіленіп, күдіктілер сот қаулысымен қамауға алынғаны хабарланды.