Қазақстандық дизайнердің киімдерін Голливуд актрисалары киіп жүр

0
2 510

Дизайнердің киімдерін актриса Марго Робби «Жыртқыш құстар» кинокомиксінде киетін болды.


Қазақстандық дизайнердің киімдерін Голливуд актрисалары киіп жүр

ERNUR.KZ. Қазақстандық дизайнердің киімдерін Голливуд фильмдері мен әлемдік сән апталықтарынан көруге болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Дина Қабдолла 15 жасында Алматыдан Англияға көшіп барған. Кембридждегі колледжді Art Sciences мамандығымен бітірген бойжеткен кейіннен АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына қоныс аударған. Өнерпаз қыз өзінің төл AyaByDK брендін 2014 жылы ашты. Бір жылдан соң интернет-дүкен іске қосылды. Қазір Динаның киімдері Лос-Анджелестегі 6 дүкенде сатылып жатыр. Қазақстандық дизайнер жақында жаңа асуларды бағындырмақ. Атап айтқанда, жақында дизайнер Los Angeles fashion week апталығына қатысуға шақырту алды.

«Олар біздің почтамызға хат жіберген. Түсінгенім, олар менің шығармашылығымды үнемі бақылап отыр екен. Енді алдағы жылдың 1-6 наурызында Лос-Анджелестегі сән апталығына арнайы топтама дайындап жатырмыз. Біздің киімдеріміз қай күні подиумға шығатынын әлі айта алмаймын», - деді Дина Қабдолла Алматыдағы AYA және AL'AYA by Dina Kabdolla топтамасының жабық таныстырылымында.

Оның айтуынша, Голливуд фильмдерінде қолданылатын топтаманың барлығы Қазақстанда тігіледі.

«Дизайнды мен өз командаммен жасап жатырмын. Эскиздер де осында жасалып, Америкаға жіберіледі. Менің мақсатым - қазақстандық өнімдерді экспортқа шығару. Сапасы жағынан біздікі олардыкінен кем түспейді»,- дейді Дина Қабдолла.

Дизайнердің киімдерін актриса Марго Робби «Жыртқыш құстар» кинокомиксінде киетін болды.

«Біз Лос-Анджелестегі шоу-румда жұмыс жасап жатқанда жаңа фильмнің костюмерлері келіп, көп брендтің ішінен біздің брендті таңдады. Олар 2-3 киімге тапсырыс берді»,- деді ол.

Айта кету керек, Дина Қабдолланың киімдерін американдық актриса Пэрис Хилтон киіп жүр. Динаның бір көйлегін Пэрис Берлиндегі журналға фотосессия үшін алған. Әншілер Bebe Rexha, Камила Кабельо гастрольдік сапарларына Динаның киімдерін киеді. Ал, Fifth Harmony тобының әнші қыздары өз бейнеклиптеріне костюмдерді Динаға тіккізеді.