Қазақстандық студент Илон Масктың байқауында үздіктер қатарынан көрінді

0
811

Ол транспорттық капсуланы әзірлеу бойынша мықты атанған.


Қазақстандық студент Илон Масктың байқауында үздіктер қатарынан көрінді

ERNUR.KZ. Ұлыбританиядағы Уорик университетінің студенті Санжар Тайжан - замандастарымен бірге американдық миллиардер Илон Масктың Хайперлуп (Hyperloop) байқауында үздіктердің қатарынан табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әлемнің озық оқу орындарының бірі Уорик университетінің 50 үздік студенті. Алдыңғы қатарда көшбасшысы 22 жастағы қазақстандық Санжар Тайжан келе жатыр. Көзілдірік киген арықша келген бала келешектің көлігін ойлап табу үшін команда жасақтаған. Серіктестері қатарында болашақ инженер, физик және бизнесмендер бар. Туған елдерінің географиясы да әрқилы: Англия, Испания, Индия, Австрия, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттер.

- Санжардың жауапкершілігінің жүгі өте ауыр. Әртүрлі факультеттерде білім алып, оқу кестесі әрқилы болғанына қарамастан өте көп адамның басын қоса білді. Ол сондай-ақ бизнес пен индустрия үшін не керек екендігін жақсы біледі. Ол команда үшін өте көп нәрсе жасады, - дейді Warwick Hyperloop жобасының қатысушысы Хянсог Ли, /Оңтүстік Корея/

Санжардың командасы энергия үнемдегіш қабілеттілігі және жылдамдығы өте жоғары капсула жасап жатыр. Оның көмегімен жолаушылар мен жүктерді дыбыс жылдамдығымен құбыр желісі арқылы тасымалдауға мүмкін тумақ. Команда жобалаған капсула магнитті өріске негізделеді. Ол әйгілі Илон Маскке тиесілі аэроғарыштық компанияда сынақтан өтетін болады. Санжардың жобасы SpaceX Haperloop Pod Competition турниріне жолдама алған 1600 қатысушының арасынан үздік 35 команда қатарынан табылып отыр.

- Біздің университетте бірнеше студенттік жоба бар. Бірақ бұл ғаламдық жоба болғандықтан студенттердің назарын ерекше аударып отыр. Келешекте ол жеңіске жетеді деген үміттеміз. Санжардың және оның командасының әлемдегі кіл мықтының бірі болатындығына сенеміз, - дейді WMG энергетикалық инновациялық орталықтың бас инженері Марк Амор-Сеган.

Өткен жылы Санжардың батареялардың тозуын болжау бойынша жеке жобасы Англиядағы бакалавр студенттер арасында үздік инновация ретінде танылған. Өткен жазда Санжар Jaguar Land Rover-де тағылымдамадан өтіп, жұмысқа шақыру алды. Бірақ ол жеке стартап жобасымен айналысуы мүмкін. Сондай-ақ қазақстандық Илон Маск өз болашағын туған жерімен байланыстырады.

- Ия, Қазақстанмен байланыстырамын. Бірақ алдағы 10 жылда өзімді техникалық тұрғыда шыңдап, жобаларымды дамытқым келеді. Менің болашағым елде екендігіне үмітім зор. Ол жақта отбасыммен тұрғым келеді. Өйткені бойымда қазақтың қаны бар және әлдебір жобаны қолға алған кезімде Қазақстанға пайдам тисе екен деп ойлаймын, - дейді Warwick Hyperloop жобасының жетекшісі Санжар Тайжан.

Санжар келешекте Ұлы жібек жолымен жүк тасымалдау ісіне өзіндік үлесін қосқысы келеді. Инновациялық жобасын жүзеге асыру үшін халықаралық мемлекеттерді тарту оның басты арманы.