Қазақстандық жас ғалым тәтті жүгерінің жаңа сортын ойлап тапты

0
935

Жас ғалым Асқар Рахым селекция ғылымына оқушы кезінен қызығушылық танытқан.


Қазақстандық жас ғалым тәтті жүгерінің жаңа сортын ойлап тапты

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жаратылыстану жоғары мектебінің 2-курс студенті Асқар Рахым тәтті жүгерінің жаңа сортын ойлап тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Жас ғалым Асқар Рахым селекция ғылымына оқушы кезінен қызығушылық танытқан. Ол сары жүгерінің түрлі-түсті сортын алу үшін 7 сыныптан бастап іздене бастады. Жүгеріге жасаған селекцияны ғылыми тұрғыда жетілдіру мақсатында Жетісу университетінің Жаратылыстану жоғары мектебінің агрономия мамандығына арнайы оқуға түсті.

Ол білім ордасында жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Jas galym» байқауына қатысып «Sweet Rainbow» жобасын ұсынды.

Түрлі-түсті жүгері өсіруді әлемнің көптеген елдері белсенді түрде тәжірбиеге енгізуде. Мексикада ақ, қара, күлгін, кемпірқосак түсті жүгерілер өсіріледі. Мұндай жүгерілер кәдімгі сары жүгерімен салыстырғанда көптеген қасиеттерге ие. Бірақ әлемдік аналогтар мал азығы (жем) ретінде пайдаланылады. Ал, мен жасаған түрлі-түсті жүгері жеуге жарайтын қасиетімен ерекшеленеді. Оның құрамында адам ағзасына қажетті антиоксидант, каротин, ақуыз сынды дәрумендер бар. Жүгерінің тұқымын шағылыстыру арқылы 5 жылдың ішінде тәтті, түрлі-түсті жаңа тұқым алдым, - дейді Асқар Рахым.

Асқардың ендігі жоспары тағам ретінде пайдалануға болатын жүгерінің жаңа тұқымын көбейтіп, өсіру. Оның өнімділігін арттыру үшін жүгерінің «Үш тәтті» атты сортымен будандастырып, жаңа тұқымға патент алу. Одан соң «Тәтті кемпірқосақ» жүгерісін нарыққа шығару.

Айта кетейік, Жетісу университетінде студенттердің ғылыми жобаларын қолдауға арналған университетішілік «Jas galym» байқауы бар. Жыл өткен сайын жаңа идеясымен ерекшеленген жобаларды қаржыландыру көлемі артып келеді. 2023 жылы жас ғалымдарды қолдауға 12 млн теңге бөлінген болса, 2024 жылы 15 млн теңге бөлініп отыр.