Қазір әскерге шақырушыларды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған.
ERNUR.KZ. Алдағы уақытта азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жаңартылған форматта жүргізу жоспарлануда, ол кері байланысты көздейді. Бұл туралы Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Амантай Өсербаев онлайн брифинг барысында айтты, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, жаңа формат әскерге шақырылушыларға, олардың ата-аналары, журналистер, қоғамдық өкілдеріне қажетті ақпарат пен сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. Ол үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде электрондық пошта мен ресми аккаунттар ашылған.
Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдар құрған медициналық және әскерге шақыру комиссиялары өз жұмыстарына кіріскенін айтты.
Қыркүйек айынан бастап 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды Алматы азаматтарын әскерге шақырту жүргізіліп жатыр. Күз мезгілінде Алматыда 1 500-дей адам әскерге шақырылады. Көктемгі әскерге шақырумен салыстырғанда әскерге шақырылушыларға ПТР зерттеуі екі рет жүргізіледі, алдымен әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде, кейін жас буын әскери бөлімдерге келген кезде. Егер коронавирус инфекциясы анықталса азамат 14 күнге карантинге жіберіледі. Оған қоса медициналық комиссияның құрамына инфекционист дәрігер қосылды,-деді ол.
Қазақстан Қарулы Күштерінде коронавирус инфекциясының алдын алу және оның таралуына жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда екен. Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша әскерге шақыру және жиын пункттерінде, Қарулы Күштердің әскери бөлімдерінде санитариялық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілген, оның нәтижесінде әскери ортада коронавирустың жаппай таралуына жол берілмеген.
Қазір әскерге шақырушыларды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Көктем кезіндегі шақыртуда ешкімнен қауіпті инфекция анықталмады, осы жолы да солай болады деп ойлаймыз. Медициналық тексерудің өзі екі метр арақашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Біздің қызметкерлерімізге осы талаптың сақталуын бақылау және дәрігерлердің қабылдауына кезек күтіп қалуды болдырмау жүктелді,-деді Өсербаев.
Сөз арасында ол, Конституцияның отыз алтыншы бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті екенін айтты.
Бұл ретте мерзімді әскери қызмет өткеру әрбір азаматтың міндеті болып, қолға қару ұстау, әскери техника жүргізу дағдысын меңгертіп қана қоймайды, ол алдағы уақытта «әлеуметтік саты» рөлін атқара отырып, әлеуетті құрылымдарға түсуге жол ашады. Әскери қызмет – мемлекетіміздің ұлттық егемендігін сақтауға негіз болатынын сезіну маңызды, ал жастарды тәрбиелеу және оларды Отанын қорғауға дайындау тек мемлекеттің ғана емес ең алдымен барлық қоғамның маңызды міндеті,-деді ол.