Кезекші сыныптардағы балалардың денсаулығы қалай тексеріледі

0
927

Сырқаттану деңгейі көтерілсе, бұл білім ұйымдары карантинге жабылады.


Кезекші сыныптардағы балалардың денсаулығы қалай тексеріледі

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният кезекші сыныптардағы балалардың денсаулығы қалай қадағаланатынын және санитарлық нормалардың қалай сақталатынын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Балалар да коронавируспен ауырады. Олар да ересектермен бірге жүріп, ауру жұқтырады. Балалардың 80% коронавирусты жеңіл формада өткізеді. Бірақ, ауру кеңінен таралса, 3-4 аптадан кейін балаларда Кавасаки синдромы түрінде асқыну байқалады. Бұл жағдай АҚШ-та, Ұлыбританияда, Испанияда, Италияда, ауру кең тараған мекендерде кездесті», - деді Ажар Ғиният тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, мектептерде барлық санитарлық нормалар сақталады және балалардың жай-күйі бақылауға алынады.

«Егер балалардың қызуы көтеріліп немесе ЖРВИ белгілері байқалса, олар мектептен шеттетіледі. Біз сырқаттану көрсеткіштерін және науқастардың медициналық ұйымдарға түсуін қадағалаймыз. Сырқаттану деңгейі көтерілсе, бұл білім ұйымдары карантинге жабылады. Ал мектептің карантинге жабылуын санитар дәрігерлер шешеді», - деді А. Ғиният.