Кастинг 2019 жылғы 17 қыркүйектен 23 қазанға дейін үш кезеңмен өткізіледі.
ERNUR.KZ. «Хабар» арнасы Instagram желісінде жаңа тележүргізушілерге кастинг жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.
Кастингке кәмелеттік жасқа толған, Instagram желісінде аккаунты бар кез келген азамат қатыса алады.
«24 жылдық тарихымызға көз жүгіртер болсақ, еліміздің танымал жүргізушілері, медиаменеджерлер, басшылықтағы азаматтар бір кездері «Хабардың» эфирі арқылы елге танылып, үлкен қызметтерді атқарып жүр. Сол дәстүрді, мектепті жалғастырып, кәсіби жүргізушілер институтын жаңа бір деңгейге көтергіміз келеді. Заманның сағат сайын, минут сайын өзгеріп отырғанын ескерсек, креативті жұмыс істей алатын жүргізушілердің уақыты келді. Басты талап - ақылы мен көркі сай қыз-жігіттер қажет. Олардың дауысы мен келбеті ғана емес, зияткерлік білімі болуы қажет. Сарапшылар осы мәселеге көбірек көңіл бөледі. Байқау нәтижесінде бір қазақтілді және бір орыстілді тележүргізуші іріктеліп алынады», - деді «Хабар» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Кастинг 2019 жылғы 17 қыркүйектен 23 қазанға дейін үш кезеңмен өткізіледі.
Алғашқы кезеңде Instagram-дағы жеке аккаунтында ұзақтығы 1 минуттан аспайтын бейнежазбаны жариялап, «Хабар» агенттігінде не себепті жүргізуші болғысы келетінін айтуы тиіс. Видеоның сипаттамасында қатысушының аты-жөні, толық жасы мен #Хабардақызмететкімкеледі және #Хочуработатьнахабаре хэштегтері көрсетілуі керек. Бірінші кезең - 2019 жылдың 16 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында өтеді.
Сарапшылар іріктеуінен келесі кезеңге өткен қатысушы ұзақтығы 1 минуттан аспайтын өз қаласындағы оқиғалар желісін баяндауы тиіс. Оқиғаны және түсірілім стилін таңдау - қатысушының өз еркінде. Бұл жазбаны да қатысушы Instagram парақшасында #Хочуработатьнабаре2 және #Хабардақызмететкімкеледі2 хэштегтерімен көрсетуі тиіс. Екінші кезең - 2019 жылдың 7-14 қазаны аралығында өтеді.
Кастингтің соңғы үшінші кезеңінде - 2019 жылдың 14 - 23 қазанында қатысушы агенттікке келіп, сынақ түріндегі түсірілімге қатысады.
Конкурс жеңімпаздарын арнайы сарапшылар тобы анықтап, 2019 жылдың 23 қазанында жариялайды.