ҚМДБ 2024 жылғы қажылық маусымына байқау жариялады

0
1 139

Туроператорларға талап жеңілдеді.


ҚМДБ 2024 жылғы қажылық маусымына байқау жариялады

ERNUR.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылғы қажылық маусымынан бастап қажылықты жаңа талаптар бойынша ұйымдастыратынын хабарлады. Бұрын мұндай талаптар саны сегіз болса, енді алтыға қысқарған. Атап айтқанда, енді туроператорлардан халықаралық ІАТА сертификаты және банктегі шотында қажетті қаражаттың болуы талап етілмейді, деп жазады inbusiness.kz.

2024 жылғы қажылық маусымына қатысу үшін туроператорлар биылғы 7-17 қыркүйек аралығында өтініш беріп үлгеруі тиіс. Құжаттарды ҚМДБ Қажылық бөліміне жолдау қажет.

"ҚМДБ өткен жылғы тәжірибе мен қажылық саласында қызмет көрсететін қазақстандық туристік операторлардың мүмкіндіктерін ескереді. Мақсат – қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу", делінген ресми хабарламада.

Үміткер туроператорларға келесі талаптар қойылады:

"Қажылық-2024" маусымына дайындығы және жауапкершілікпен нақты игере алатын қажылық орын саны мен мүмкіндігі туралы ҚМДБ-ға өтініш хат жіберу;

Туроператорлық қызметті жүзеге асыру бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай берілген тиісті мемлекеттік лицензиясының және ҚР туристік қызметі туралы заңының 27-3-бабының 1-тармағына сәйкес қосымшасының болуы;

Қажылық пен ұмраны ұйымдастыруда 5 жылдық тәжірибесінің бар екендігін айғақтайтын құжаттардың (Әр жылы ҚМДБ берген рұқсатнама, қонақ үй келісім шарттары, т.б.) болуы;

ҚР заңдарын және САК тарапы қажылыққа қатысты қойған талаптарын бұзбауы;

Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің және салықтары төленгенін айғақтайтын құжаттардың болуы;

ҚР аумағында халыққа сапалы қызмет көрсете алатын кеңсесінің болуы (кеңсенің мекен-жай анықтамалығы, кеңсе немесе ғимаратты жалға алған келісім-шарты).