Көп жыл сөз болған бастама енді нақты заңнамалық түзетуге айналды. ДСМ телеарналардың нені "бүлдіріп қойғанын" да әшкерелепті.
ERNUR.KZ. Ресми статистика бойынша бүгінде Қазақстанда фаст-фуд нарығындағы жылдық айналым шамамен 108,8 миллиард теңгеге (250 миллион доллар) бағаланады, деп жазады inbusiness.kz.
Әсіресе, Coca Cola компаниясының қарқыны алапат. Сату көлемі 2021 жылы бірден 6,9%-ға өсті, ал нарықтағы үлесі 32,7%-ды құрады. Яғни сусындар нарығының үлкен бөлігін сол басыбайлы иемденген. Алкогольсіз сусындарды өндірушілер арасында ІІ-ші орында – Pepsi Co тұр. Саудасы биыл 13,6%-ға өсіп, нарықтағы үлесі – 8,8%-ға жетті. Үштікті "Юникс" ЖШС тұйықтайды. Нарықта 7,6% үлеске ие, ал сатылымы осы жылы 4,3%-ға артты. Қазақстанда алкогольсіз, бірақ залалды сусындары тұтыну ғаламат қарқынмен артып барады.
Бағзы заманнан қымыз, шұбат, шалап, сүт, әрі кетсе, сумен шөлін қандырған, сөйтіп, денсаулығын нығайтқан қазақ баласы қазір шетелдік зиянды сусындарды суша сіміретін болды. Мемлекет бұдан қатты қауіп қылып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, алкогольсіз сусындардың еліміздегі өндірісі 2014 жылғы 1 млрд 159,2 млн литрден 2019 жылы 1 млрд 590,1 млн литрге дейін өсті. Қазіргі кезде 2 миллиард литрге жуықтады. Бұл ретте "энергетиктерді" тұтыну көлемі де тез өсуде. Мысалы, Gorilla энергетикалық сусынын тұтыну үлесі нарықта 2%-ға, ал сатылымы бірден 64%-ға жоғарылаған. Жалпы алғанда, отандық нарықтың 56,2%-ы Coca-Cola және PepsiCo үлесінде. Бұл екеуі бір-бірімен сұрапыл бәсекелесіп, өнім ілгерілету жұмыстарының көрігін қыздыруда. Салдарынан, олардың әр тесіктен сығалап, әр жерден менмұндалап, көз жауын алған жарнамасы қазақстандықтардың, әсіресе жас ұрпақтың жадын жадылап, жүрегін жаулап алып жатыр. Орташа алғанда, компаниялар кірістің 7-ден 10%-ына дейін жарнамаға жұмсайды.
2021 жылы теледидардағы жарнаманың бүкіл көлемі 13,85 миллиард теңгені құрады. Қазақстанда теледидардағы барлық жарнама өнімдерінің 32,8%-ын азық-түлік өнімдері жарнамасы құрайды. Осылайша, бизнес қоғамдастықтың азық-түлік өнімдерін жарнамалауға жұмсаған шығындары 4,5 миллиард теңге болды.
Өмірін тәтті ете ме, қатты ете ме?
Дамыған елдің біразында, мысалы Канадада, АҚШ-та, Ұлыбританияда балаларға арналған контентте фастфуд жарнамасына тыйым салынған. Мысалы, Канаданың Квебек провинциясы оған 35 жылдай бұрын тосқауыл қойды. Осы кезеңде семіздіктен зардап шеккен азаматтар саны едәуір азайған. Бұл ел енді бүкіл зиянды тамақ түрлерін ақпарат құралдары арқылы ілгерілетуге тыйым салуды қарастыруда. Оның орнына балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттау өрістетіліп жатыр. Кейбір елдерде жылдам тамақтандыру мейрамханалары өз мәзірінде әрбір астың жанына калория санын көрсетуге міндеттелген. Калориясының тым көптігі адамдарды шошытып, зиянды тамақты жеу ниетінен қайтаруға тиіс.
Осыдан бірер жыл бұрын қазақстандық медицина өкілдері де зиянды тамақты жарнамалауға тыйым салуды сұрап, Үкіметке жүгінген. Олардың байламынша, фастфуд пен зиянды сусындары тұрақты пайдалану бала түгіл, ересектердің денсаулығын құртады, оларда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және тіпті Нью-Йорк психиатриялық институты анықтағандай, жүйке жүйесінің патологиялары пайда болады. Оларды жасөскіндерге мүлдем тұтынуға болмайды. Мұны ғалымдар да растайды.
"Бірінші кезекте, трансизомерлік май қышқылдары семіздікке соқтырады. Май жасушаларының генетикалық жады жоғары, содан бір семірген адам қанша арыса да, бұрынғы етжеңді қалпына қайта орала беруі мүмкін. Ондай адамның қоң жинауға бейімділігі бүкіл өмір бойы сақталады. Зиянды тамақ осындай генетиканы қалыптастырады. Оның үстіне иммунитет төмендейді. Канцерогендерді және дәрілердің токсиндерін зарарсыздандыруға жауап беретін С цитохромы секілді ферменттің жұмысын бұзады. Бұл бұзушылықтардың бәрі баланың ақыл-ой қабілетіне нұқсан келтіреді. Оларда гастрит, холецистит, ішкі жаралар туындауы мүмкін", – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің Нутрициология кафедрасының доценті Елена Ушанская.
Дәрігерлерді билік өкілдері де қолдайды
Былтырғы желтоқсанда Сенат депутаттары фастфудтарды және газдалған сусындарды телеэфирден айыруды талап етіп, Үкіметке депутаттық сауал да жолдады. Денсаулық сақтау министрлігі мәселенің көкжиегін ары кеңейтіп отыр. Ведомство қазақстандықтардың соңғы жылдары қант, джем, шоколад-кәмпит және әртүрлі кондитерлік бұйымдарды да көбірек тұтына бастағанын жеткізді. Бітпес-қоймас дағдарыстан, девальвациядан, пандемия мен шектеу шараларынан қажыған адамдар өмірін осылай тәттілейтін болса керек. Салдарынан, 2021 жылы Қазақстанда 1 адамға шаққанда 43 келі тәтті өнімдер желінген. Бұл 2020 жылғыдан 0,2%-ға көп.
Телеарналарымыз не "бүлдіріп" қойды?
Денсаулық сақтау министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. Мұның тақырыпқа қандай қатысы бар? Меморган сол арқылы қолданыстағы "Жарнама туралы" заңына түзету енгізбек. Атап айтқанда, онда "Балаларға арналған пайдалы емес тағамдардың жарнамасын шектеу" қарастырылып отыр.
Жасыратыны жоқ, бұл бастама телеарналарға соққы болуы ғажап емес. Себебі олар тамақ өнімдері, соның ішінде сусындар, чипсы-қытырлақтар және басқасының жарнамасынан мол табыс тауып отыр. Нақтылай кетсек, Қазақстанда тамақ өнімдері мен сусындар жарнамасының үлесі – 32,8% (3 494 жарнамалық хабарландыру көрсетілген). Бұл жарнаманың басқа түрлерінен едәуір асып түседі.
Мысалы, екінші орында – дәретхана-жуыну керек-жарақтарының, яғни сабын, сусабын, косметика, жөргектер, гигиена заттары және басқасының жарнамасы тұр, үлесі – 16,6%. Үшінші орында – арнаның өз бағдарламаларының, жаңа телехикаяларының жарнамасы, үлесі – 15,7%. Одан кейін тұрмыстық тазалау, жуу құралдарының, яғни ыдыс жууға арналған құралдар, кір жуу ұнтақтары сияқтыларының жарнамасы келеді, үлесі – 7,5%.
Әрине, телеарналарымыз "ішіңіз, жеңіз, ләззат алыңыз!" деп ұсынатын тамақ түрлерінің бәрі бірдей зиянды емес. Бірақ ресми мәліметке жүгінсек, жарнамаланатын азық-түлік өнімдерінің 72,3%-ы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан балалардың тұтынуына рұқсат етілмейтін өнімдерге жатады екен. Соның ішінде 22%-ы – кола, лимонад, энергетиктер, қант, қоспалары бар газды сусындар, 17,1%-ы – шоколад, кондитерлік бұйымдар, энергетикалық батончиктер және басқасы. Денсаулық сақтау министрлігі мынадай деректі жария етті.
"Балапан" балалар арнасында тамақ өнімдері жарнамасының 100%-ын ДДСҰ ұсынымы бойынша "балаларға бағытталған маркетингке рұқсат етілмейтін", құрамында қанты (79,5%) бар кондитерлік өнімдер және сусындар (20,5%) құрапты. Бұл арна жарнамасының жалпы көлеміндегі тамақ өнімдері жарнамасының үлесі – 20,7%. Ведомство "Еуразия" арнасының мұндай жарнаманы таңертең және кешкі сағат 18:00-ден 20:00-ге дейінгі кезеңде, яғни отбасылар балаларымен теледидар қарайды дейтін прайм-тайм уақытта күшейтетінін хабарлады.
"Qazaqstan" телеарнасында жарнаманы көрсетудің шырқау шегі 12:00-ден 14:00-ге дейін, сондай-ақ 16:00-ден 18:00-ге дейін келеді екен. Отандық басқа арналарда да майлардың, бос қанттардың, тұзының мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын көрсету жұрт көп тамашалайтын уақытта жиілейді.
Мысалы, Astana TV телеарнасында көрсетілім жиілігі сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін, НТК арнасында – 08:00-ден 14:00-ге дейін және 16:00-ден 22:00-ге дейін, 31 арнада – 14:00-ден 22:00-ге дейін жиілейтіні ДСМ-ге белгілі болыпты. Цойдың министрлігі тартқан сарапшылар телеарналардағы зиянды тамақ өнімдерінің жарнамасында ересекті де, баланы да соны сатып алуға қызықтыру үшін қандай сөздер қолданылатынына талдау жүргізді. Нәтижесінде, ең танымал сөздер дәміне қатысты (24,3%) болып шықты. Мысалы, "таңғажайып дәмі бар тағам" дейді. Екіншіден, ләззат алуға шақырады (16%). Содан кейін "денсаулыққа пайдалы" деп алдарқатады (11,9%). Мысалы, "дәрумендермен қанықтырылған". Бұған қоса, жаңа өнімді тұтынуды сәнді етіп көрсетеді (11,9%). Одан қалды, сыйақы, науқан, конкурстар (9,5%) ұйымдастырады.
"Осы өнімді сатып алып, промокодты тіркеп, жеңіске жетіңіз!". Балалардың тұтынуына жол берілмейтін тамақ өнімдері мен сусындар жарнамасында бренд-кейіпкерлер, мультфильм кейіпкерлері, балалардың атақты құрбы-құрбастары бейнесінің қолданылатыны да ДСМ-ге ұнамайды. "Проблема шешілмей қалды және болашақта тек өрістей бермек", – деп көңілсіз қорытынды жасады ДСМ.
Қазақстанда соңғы 5 жылда балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздік өршуде. 2020 жылы ДДСҰ-ның Балалар семіздігін эпидқадағалау жөніндегі Еуропалық бастамасы (COSI) аясында Қазақстанда бастауыш мектеп оқушылары семіздігінің, мінез-құлық факторларының және қоршаған орта факторларының таралуына зерттеу жүргізілді.
Халықаралық ұйым мәліметінше, елде балалардың 20,6%-ы, яғни әрбір төрт баланың бірі артық салмаққа ие, ал 6,6%-ы семіздікке душар болған. Семіздер қыздарға қарағанда, ұл балалар арасында көп. Ұлдардың 23,6%-ының, қыздардың 17,6%-ының артық салмағы бар. Ұлдардың – 8,7%-ы, қыздардың 4,6%-ы семіздікке ұшырады. Қалай болғанда, алда бұл заң жобасы айналасында Парламентте қызу пікірталас, тіпті қызылкеңірдек айтыс туындауы ғажап емес.