Көкөніс пен жеміс шырыны бір жылда 16,6 пайызға қымбаттады

0
836

Ал сектордағы өндіріс 2 пайызға қысқарған.


Көкөніс пен жеміс шырыны бір жылда 16,6 пайызға қымбаттады

ERNUR.KZ. Осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында елімізде 18,7 млн литр жеміс және көкөніс шырыны өндірілді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға аз, деп жазады inbusiness.kz.

Мұндай сусындардың басым бөлігі Алматы облысында өндірілген – 10 млн литр (+32,6 пайыз). Көшбасшы өңірлердің үштігіне Нұр-Сұлтан (жылына 4,6 млн литр, -27,1 пайыз) және Қостанай облысы (2 млн литр, +17,9 пайыз) еніп отыр.

Жеміс шырынын өндіру 17,4 млн литрге жеткен. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 3,1 пайызға аз. Өндірілген көкөніс шырыны – 1,3 млн литр. Өткен жылға қарағанда 14 пайыздық өсім бар.

Жеміс шырындарының ішінде өндірістің көп бөлігі апельсин шырынына (6,4 млн литр), сондай-ақ алма шырынына (4,9 млн литр) тиесілі. Сондай-ақ 4,6 млн литр жеміс шырындарының қоспасы, 505,4 мың литр ананас шырыны өндірілген.

Көкөніс шырындарының ішінде қызанақ шырынын өндіру 1,26 млн литрге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артық.

Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар бір жыл бұрынғы (51,2 пайыз) деңгеймен салыстырғанда жеміс және көкөніс шырындарына деген сұраныстың (ішкі нарықты қамту және экспорт) 58,3 пайызын қамтамасыз етті. Импорт көлемі 41,7 пайызды құрады. Бұл дегеніміз – 13,1 мың тонна. Көрсеткіш бір жылда 5,6 пайызға қысқарған.

Нәтижесінде ішкі нарықта 30,7 мың тонна жеміс және көкөніс шырындары сатылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық.

Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі көкөніс және жеміс шырындарының бағасы бір жылда 16,6 пайызға өскені анықталды. Оның ішінде жеміс шырындары 16,5 пайызға, көкөніс шырындары 19,2 пайызға қымбаттады. Баға Түркістан (25 пайызға өскен), Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында айтарлықтай шарықтап кеткен. Бағаның ең төменгі өсімі Батыс Қазақстан облысында орын алыпты – 5,1 пайыз.