Коронавирус балалардың миының дамуына қалай әсер етті? – зерттеу нәтижесі шықты

0
222

Қазір жасөспірімдердің дамуында айтарлықтай теріс көрсеткіштер болуы мүмкін.


Коронавирус балалардың миының дамуына қалай әсер етті? – зерттеу нәтижесі шықты

ERNUR.KZ. Таяуда Вашингтон университетінің ғалымдары коронавирус пандемиясына байланысты жүргізген зерттеуінің қорытындысын жария етті. Түйінінде кезеңінде адамзатқа алапат үрей қалдырған вирус балалардың миының жылдам қартаюына әкеліп соқтырған екен, деп жазады inbusiness.kz.

Ғалымдардың айтуынша, қыздардың миы орташа есеппен 4,2 жылға, ал ұлдардың миы 1,4 жылға қартайған.

– Жасөспірім кезеңде әлеуметтік-эмоциялық даму, сондай-ақ мидың құрылымы мен функцияларында елеулі өзгерістер болады. Ми қабығының қалыңдығы балалық шақта табиғи түрде шыңға жетеді, ал жасөспірім кезінде біртіндеп азая бастап, бұл процесс өмір бойы жалғасады, – деп атап өткен зерттеу авторлары.

Бұл жаңалық жасөспірімдердің миының қартаюы жыныстық белгілері бойынша үлкен айырмашылықтар байқатқан. Біріншіден, балалар мен жасөспірімдердің миы тым осал. Сондықтан оларға әрдайым қолдау қажет. Зерттеудің жетекші авторы доктор Патриция Кульдың сөзінше, жасөспірім кезде ми қабығының қалыңдығының азаюы – табиғи өсу процесінің бір бөлігі, мида елеулі өзгерістер болады. Бірақ пандемия оны өзгертті. Зерттеушілер пандемиядан бұрын жасалған МРТ деректерін пандемиядан кейінгі сол жасөспірімдердің миын сканерлеу нәтижелерімен салыстырған.

Екіншіден, қыздардың миы тез қартаюда. Ғалымдар 30 түрлі саладағы қыздардың миы екі жарты шарда да тез қартайғанын анықтады. Ұлдарда мұндай өзгерістер тек екі өңірде ғана байқалыпты. Зерттеушілер бұл өзгерістерді ағзаның күшті стресске ұшырауы арқылы мидың толыққанды дамуына зиян келтіретін гипотезамен байланыстырады.

Біз бұл жаңалықтан кейін медицина сарапшысы Қайырғали Көнеевтен мәселенің жай-жапсарын сұрап көрген едік. Маман коронавирус адамзат жаратылысына үлкен соққы болғанын растап отыр.

– Жалпы, мидың қартаю процесі қалай көрініс табады? Психологияның бұзылуы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы осыған кіреді. Адамның өзін-өзі бақылау деңгейі төмендейді. Барлық себепті тікелей індетке жаба салуға болмайды. Мәселен, адамдар, соның ішінде балалар карантин кезінде көп табиғат аясына шыға алмады, өзгелермен араласпады. Осының әсерінен миға эмоциялық тұрғыдан ауырлық түспеді. Бұндай сәтте балалардың ми бөліктері кішірейеді немесе дамуы аздап тежеледі. Коронавирус адамның табиғи жаратылысына аздап әсер етті деуге негіз бар, толықтай болмаса да басқа вирустарды қоздыртты және мутацияға ұшыратты. Менің ойымша, коронавирус пандемиясы адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Өз кезегінде ол адамдарға, әсіресе балаларға әсер етпей қоймады, – деді ол.

Алайда жоғарыда біз айтқан зерттеудің де өз кемшіліктері бар. Мысалы, ғалымдар бақылау тобын құра алмаған және қалыпты даму моделін салыстыруға мүмкіндік болмапты. Бұдан басқа, осы тақырыптағы алдыңғы зерттеулердің бірінің авторы доктор Иэн Готлиб жыныстар арасындағы айырмашылықтар туралы дұрыс тұжырым жасау үшін деректердің жеткіліксіз екенін алға тартқан.

Ендігі мәселе, "бұл өзгерістерді бұрынғыдай кері қайтаруға бола ма?" деген сауалға жауап іздеу. Дегенмен доктор Куль жасөспірімдер миының одан әрі дамуын бақылау арқылы көп нәрсені қалпына келтіруге болады. Ол үшін жақындары балаларға көп көңіл бөлгені жөн, психологиялық тұрғыдан қолдап, басқалармен қарым-қатынас орнатуын құптап, әлеуметтік желідегі уақыттарын қысқартқан абзал.

Біздің тұжырымдауымызша, "жаңа заман балалары" аталған қазіргі буынның тежелуіне вирустан бұрын технологиялардың тым дамып, өзгелермен араласпай, оқшаулануы себеп болып отырған іспетті.