Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, тауықтарда байқалып отырған клиникалық белгілер Ньюкасл ауруына тән.
ERNUR.KZ. Қостанай облысының Ленино ауылында бірнеше күн ішінде барлық дерлік тауық қырылып қалды, деп жазады sputnik.kz.
Ауыл Федоров ауданында орналасқан және Ресеймен шекараласады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, алғаш рет белгісіз ауру екі ай бұрын пайда болған, енді тағы қайталанып отыр.
"Мен мекиен тауықтар мен бройлерлерді ұстаймын. Құстарға өте мұқият қараймын. Осы аптада үйден шығып, қарасам: бір-екі емес, жиырма тауығым өліп жатыр. Көршілерімізде бір күннің ішінде барлық отыз тауығы қырылып қалды. Ертесіне таңертең менде де бәрі өлді. Мен 50 мекиен тауықтан айырылдым, ал қазір бройлерлер де өліп жатыр. Қазіргі таңда біздің ауыл мүлде тауықсыз қалды", – дейді ауыл тұрғыны Елена Едикова.
Жергілікті ветеринар бірнеше өлген тауықты сараптама жасатуға әкеткен. Оның қорытындысы бір-екі аптадан кейін белгілі болады.
Бұл жағдайға аудандағы ветстанцияның директоры Нұрлан Қыстаубаев түсініктеме берді.
"Иә, құстар осы жылдың басында ауыра бастады. Дәлірек айтқанда, тауықтар. Сәуір айында жүз шақты тауық қырылды. Анализге берген жоқпыз, өйткені адамдар бірден жойып жіберіп отырды", - деді ол.
Дәл осындай жағдай биыл сәуірде Қарабалық ауданында да болған. Ол кезде ветеринарлар құстар уланған болуы мүмкін деп болжаған еді. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, тауықтарда байқалып отырған клиникалық белгілер Ньюкасл ауруына тән.