"Қожалық иесі қайтыс болған". Жамбыл облысында мың тонна пияз далада шіріп жатыр

0
725

Тұрғындар оны жинап әкетуді талап етіп жатыр.


Фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысының Байзақ ауданында мың тонна пияз далада шашылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ. КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Үсік шалған көкөніс шіріп кеткен. Тұрғындар оны жинап әкетуді талап етіп жатыр. Ал жергілікті биліктің мәліметінше, пияз еккен қожалық иесі қайтыс болған. Сондықтан өнімдері терілмей қалған.

Әлеуметтік желіде дәл күре жолдың бойындағы алқапта пияз қап-қабымен шашылып жатқаны түсірілген видео тараған болатын.

"Байзақ ауданы ғой, 300 гектар пияз жартысы қапталған, жартысы қапталмаған күйінде қалып кеткен. Қазір жарамайды, үсіп кеткен", - дейді видео авторы.
Телеарна мәліметінше, қожалық иесі екі ай бұрын коронавирустан қайтыс болған. Содан бері марқұмның туыстары да төбе көрсетпеген. Диқан еңбегінің қызығын ауыл халқы көріп, шама келгенше жарамдысын жинап алған. Жергілікті тұрғындар қалған өнімді тазартып тастау керегін айтып жатыр. Әйтпесе күн жылынса шашылған пияз иістеніп, ауаны ластауы мүмкін деп қауіптенеді.
"Сасып жатыр, табиғатты құртады ғой, оны алу керек, тазалау керек. Адам жалдау керек шығар. Қазір енді күні жылы, алдағы уақытта не болатын білмейміз", - дейді Байзақ ауданының тұрғыны Ғалия Әлиханова.

Шенділердің сөзінше, пияз 300 емес, бар болғаны 40 гектарға егілген. Иесі алқаптағы көкөністің төрттен бір бөлігін жинап үлгермеген. Сөйтіп 10 гектардан шыққан мың тонна пияз аяздан үсіп кеткен.

"Жәрдем жасамады дегенде, ол жерде бәрі аяқасты болып кетті. Біріншіден, ол кісінің басқарып жатқан қызметкерлері жинауы тиіс еді. Сақтау қоймасына тасымалдап жатқан. Екі ортада жаңағыдай болған соң, тасымалдап үлгере алмай, уақыт созылып кетті", - дейді Байзақ ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжолов.

Атқамінерлер үсік шалған пиязды қоймаға кіргізу де қауіпті болғанын айтады. Өйткені бұзылған көкөніс басқа өнімдерді шірітеді деген күдік болған. Телеарна тілішісінің сөзінше, қоқысқа айналған голландиялық пияздың алқапта қанша жатары белгісіз. Өйткені әкімдік оны жинап алуға құлық танытпады.