Бұл мүлікті сатудан түскен қаражат мемлекет бюджетін толықтырады.
ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Алматы мен Гвардейск гарнизондарында орналасқан артиллериялық және бронды танк қару-жарағы сақталған базаларды тексерді, деп жазады ҚазАқпарат.
Нұрлан Ермекбаев қару-жарақтың сақталу жағдайларына, әскери техниканы күзетудің ұйымдастырылу тәртібіне, өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздіктің жай-күйіне ерекше назар аударды.
Бұдан өзге, Қорғаныс министрі Алматы гарнизонындағы сақтау базасында әскери инфрақұрылым нысандарының салыну барысымен, сондай-ақ ұзақ уақытқа сақтауға қойылған техниканы жөндейтін және қызмет көрсететін цехтың жұмысымен танысты.
Гвардейск гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы бронды танк техникасына ағымдық және орташа жөндеу жүргізілетін қоймалар мен сақтау алаңдарын, цехтың жұмысын қарап шықты.
Сондай-ақ, сақтау базаларының командирлері Қорғаныс министріне пайдаланылмайтын әскери мүлікті есептен шығару, бағалау және одан әрі уәкілетті органға беру жөніндегі жұмыс туралы есептерін ұсынды.
«Пайданылмайтын әскери мүлік жөніндегі мәселені шешу қорғаныс ведомствосы жұмысының маңызды бағыты саналады. Қарулы Күштерде пайдалану мерзімі өткен және пайдалануға жарамсыз кеңес заманынан бергі материалдық заттар сақталуда. Ұзақ жылдар ішінде алғаш рет Қорғаныс министрлігі көп жылға сақтауға қойылған әскери техникаға толық түгендеу және сұрыптау жүргізді. Бұдан әрі қолдануға және жөндеуге жарамды техника Қарулы Күштер балансында қалдырылды. Пайдалануға жарамсыздары – есептен шығарылып, уәкілетті органның ведомстволық ұйымдарына (ИИДМ) беріледі», - делінген ҚР ҚМ ақпаратында.
Уәкілетті орган – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымдары пайдаланылмайтын әскери мүлікті кәдеге жаратады немесе баланстық құны бойынша сатады.
«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінде уәкілетті органның ведомстволық ұйымдарына (ИИДМ) баланстық құны 100 миллиард теңгеден асатын пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру процесі жүріп жатыр. Бұл мүлікті сатудан түскен қаражат мемлекет бюджетін толықтырады», - деп нақтылады қорғаныс ведомствосынан.