Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет еліміздің арнаулы бөлімшесінің командасы айтулы халықаралық сайыста жеңіске жетті.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «САРДАР» командасы 3-7 ақпан аралығында БАӘ-нің Дубай қаласында өткен UAE SWAT Challenge 2024 халықаралық сайысында қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет еліміздің арнаулы бөлімшесінің командасы айтулы халықаралық сайыста жеңіске жетті.
Бүкіл әлемнен жиналған 80-нен астам команданы басып озған «САРДАР» тек сайыс қожайындарына - Дубай қаласы полициясының екі командасына ғана жол берді.
UAE SWAT Challenge – күштік құрылымдардың арнаулы мақсаттағы бөлімшелері арасындағы чемпионат болып табылады. Биыл сайыс бесінші рет өткізілді, оған бүкіл әлемнен келген командалар қатысып, кедергілерден өту, шабуылмен басып алу, кепілге алынғандарды құтқару, жаралыларды эвакуациялау, қару түрлерінен ату секілді күрделі сынақтардан өтті.
Сайыстың барлық кезеңдерінде «САРДАР» үздік тактикалық дағдылар, күш-қуат, төзімділік пен биік рухын танытты. Үшінші және төртінші күндегі нәтижелер бойынша команда сайыстың үздік үштігінен сенімді орын алды.
Чемпионаттың бесінші, шешуші кезеңінде де «САРДАР» жоғары арнаулы және тактикалық әзірлігін және мықты командалық рухын көрсетті.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметі командасының жарқын жеңісі - еліміздің арнаулы мемлекеттік органы жеке құрамының күшейтілген үздіксіз дайындығының, мемлекеттің өркендеуіне және оның қауіпсіздігін сақтауға бағытталған патриоттық тәрбиесінің жемісі.
Сайыстың соңғы «Кедергілер жолағы» кезеңінде ойнатылған ҚР Мемлекеттік күзет қызметі жеке құрамының жаңа әнұраны - «Рух» әуені де команда мүшелерін жеңіске жетелегені анық!
«Сардар» командасы өзінің халықаралық сайыстағы жеңісін барлық отандастарына арнайды!