Кездесу соңында Мемлекет басшысы Чехия Президенті Петр Павелге ізгі тілегін жеткізді.
Фото: KaАқорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Чехия арасында достық пен өзара құрметке құрылған көпжылдық әрі нәтижелі ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы министрдің сапары екі ел арасындағы көпжақты қарым-қатынастың нығаюына тың серпін беретініне сенім білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Чехиямен тығыз ықпалдастық жасауға бейіл.
Өз кезегінде Ян Липавский кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Чехия Президенті Петр Павелдің Қасым-Жомарт Тоқаевты Прагаға ресми сапармен келуге шақырғанын жеткізді.
Чехия Сыртқы істер министрі қарқынды экономикалық байланыстар қазақ-чех ынтымақтастығының негізі саналатынына назар аударды. Ян Липавский өнеркәсіп, «жасыл» даму талаптарына көшу және энергетика салаларын бірлескен жұмыстың басым бағыттары ретінде атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ян Липавский өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Чехия Президенті Петр Павелге ізгі тілегін жеткізді.