Қуат Хамитов ісі бойынша сот отырысы неге кейінге қалды

0
2 328

​2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді.


Қуат Хамитов ісі бойынша сот отырысы неге кейінге қалды

ERNUR.KZ. Алматыда "Найман" лақап атымен танылған аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтің ісі бойынша сот отырысы кейінге қалды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Спортшы сот отырысына қатысқан жоқ. Адвокаттың айтуынша, Хамитов техникалық ақауға байланысты онлайн форматта өткен сот отырысына қатыса алмады. Сол себепті ол кейінге қалдыруды сұрады.

Іс бойынша прокурор да қылмыстық істі Хамитовсыз өткізу мүмкін емес екенін айтты, осылайша сот істі қарау бойынша отырысты кейінге қалдырды.

Алайда нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз.


"Найман" неге сотқа шақырылды

Айта кетейік, 18 қаңтарда Алмалы ауданы сотында қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық іс қаралды.

Аталған бапта азаматтың "билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру" көзделген.

Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді.

Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.


"Дезинфекция туралы тарап кеткен видеоға қатысты айтарым, ол – қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын. Ондай әрекет істеуге ешкімді шақырған емеспін және ондай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деді Хамитов.