Күріш қоры елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге жеткілікті

0
1 359

Өңірлер бойынша алсақ, ең көп егіс Қызылорда облысында – 88,1 мың гектар.


Күріш қоры елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге жеткілікті
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі күріш қоры ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтты, деп жазады Zakon.kz.

"Қазақстанда күріш егістігі 99,8 мың гектар болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 12,4 мың гектар артық", - делінген министрлік хабарламасында.

Өңірлер бойынша алсақ, ең көп егіс Қызылорда облысында – 88,1 мың гектар.

Басқа аймақтарда егіс мынадай:

  • Алматы облысы – 7 мың га;
  • Жетісу облысы – 1 мың га;
  • Түркістан облысы – 3,7 мың га.
"Жоспарланған астық Қазақстан нарығының қажетін толық өтейді. Сонымен қатар экспортқа қажет көлемді қамтамасыз етеді. Бүгінде күріш жармасының қоры былтырғы қалдықты есепке алғанда 60,4 мың тонна болды. Бұл отандық өнімді қыркүйекте жаңа егін жиналғанға дейін тұтынуға жеткілікті", деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Министрлік биыл 2022 жылмен салыстырғанда күрішті көбірек жинау жоспарланып отырғанын атап өтті.

"Сәйкесінше, дәнді дақылдардың тапшылығына байланысты бағаның көтерілуіне объективті себептер жоқ. Дегенмен бағаның өсуіне сыртқы факторлар (басқа елдердегі егіннің аздығы, экспорттық сұраныстың жоғары болуы және т.б.) әсер етуі мүмкін", делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар маусым айында Қызылордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелеріне арналған республикалық кеңес өтті. Нәтижесінде әкімдіктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бекітілген баға бойынша 6,7 мың тонна күріш жеткізуге келісім-шартқа отырды. Бұл көлемдер еліміздің барлық өңірлеріндегі ірі сауда желілері, әлеуметтік дүкендер және ӘКК жеке бөлімшелері арқылы сатылады.