Құрылыс материалдарының бағасы тұрақтанады – Бәсекелестікті қорғау агенттігі

0
481

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар нарығындағы жағдайды қатаң бақылауға алды.


Құрылыс материалдарының бағасы тұрақтанады – Бәсекелестікті қорғау агенттігі

ERNUR.KZ. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылыс тауарлары нарығындағы жағдайды қатаң бақылауға алды. Бұл туралы агенттік төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта құрылыс материалдары нарығының субъектілеріне бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттігі туралы 26 хабарлама жіберілді. Нұр-Сұлтан қаласы (4), Түркістан (3), Ақмола облыстарында (3) кірпіш өндірушілерге 10 хабарлама жолданды. Ақмола (2), Түркістан (2), Жамбыл (1) облыстарында цемент өндірушілерге 5 хабарлама жолданды», - деді С. Жұманғарин бүгінгі Үкімет отырысында.

Арматура өндірушілер мен жеткізушілерге Павлодар облысында – 8, Шығыс Қазақстан облысында – 3, Қостанай облысында – 1 және Алматы қаласында 1 хабарлама жіберілген.

Алматы облысы бойынша қиыршық тас өндірушілеріне 2 хабарлама жолданды.

Ал Ақмола облысындағы полиэтилен құбырларын өндіруші 1 хабарлама алған.

«Сондай-ақ, монополияға қарсы қызметтің заңды талаптарына қарамастан, ақпарат беруден бас тарту фактілері орын алуда. Қазіргі уақытта осы негіз бойынша «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қатысты әкімшілік іс қозғалды. Нарық қатысушыларына баға әсерін көрсету мақсатында 10 құрылыс материалын өндірушілермен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенс жасалды», - дейді С. Жұманғарин.

Қосымша ақпарат беру қорытындылары бойынша басқа да құрылыс материалдарын өндірушілер мен жеткізушілерге қатысты әрекет ету шараларына бастама жасалмақ.

«Агенттік аталған тауар нарығындағы жағдайды қатаң бақылауға алды. Жақын арада баға тұрақтанатын болады», - деді Серік Жұманғарин.