Қытайлар қазақтың киізіне қызыға бастады

0
1 654

Қытайдың сауда компаниялары киізбен жұмыс істейтін қазақстандық қолөнер шеберлерімен тығыз байланыс орнатпақшы


Қытайлар қазақтың киізіне қызыға бастады

ERNUR.KZ. 20-26 мамыр аралығында Қытайдың мәдениет пен туризм апталығы өтеді. Оған осы елдің әртістері, қолөнершілері, ушу шеберлері мен саудагерлері келеді, деп жазады sputniknews.kz.

Апталыққа Қытайдың іскерлік топтары да келеді. Олар Қазақстанда жоғары дәрежелі туристік аймақтарды құруға қатысты өз ұсыныстарын жасайды. Ал "Астана Арбат" аймағында қытайлық батбырауықтар шоуы мен жәрмеңке ұйымдастырылады. Ол жерде жібек, шәй, зергерлік бұйымдар, киім-кешек және тағы басқа заттар сатылады.

Қытайдың мәдениет және туризм министрлігінің Нұр-Сұлтандағы өкілділігінің басшысы Ван Шулиньнің айтуынша, қазір қытайлықтар арасында киізден жасалған бұйымдарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты бұл елдің кәсіпкерлері сауда байланыстарын орнатуға мүдделі.

"Соңғы кездері қытайлық кәсіпкерлер мен туристерге Қазақстанда киізден жасалған тауарлар қатты ұнап жүр. Себебі осы жердің шеберлері бәрін өз қолымен жасайды. Апталық аясында сауда компаниялары да келеді. Олар киізбен жұмыс жасайтын шеберлермен жақын танысуды көздейді. Әрине, сауда-саттықпен айналысатын компаниялар алдымен жергілікті нарықты зерттейді. Одан кейін қолөнер шеберлерімен байланыс жасайды", - дейді Шулинь.

Ал "Kazakh Tоurism" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтің сөзіне қарағанда, Еуропаның туристері барған жердің табиғаты мен салт-дәстүрін зерттеп, жаңа эмоцияларды іздесе, қытайлық туристер заттарды сатып алуды жақсы көреді.

"Бүгінде Қазақстан арқылы ұшатын қытайлық туристер үшін 72 сағаттық визасыз режим бар. Біз осы мүмкіндікті барынша пайдалануымыз қажет. Мәселен, қытайлықтар танымал брендтерді іздейді. Сол үшін Дубай, Париж бен Миланда аялдайды. Ондай брендтер бізде де сатылады. Міне, киізге де қызығушылық оянды. Демек, қазақстандық шоколад, бал мен коньяктан басқа да дүниелер бар", - деп атап көрсетті Дүйсенғалиев.

Нұр-Сұлтанда өтетін Қытайдың мәдениет пен туризм апталығы аясында 72 сағаттық визасыз режиммен бір топ қытайлық турист келеді.