Талдықорған полициясының басшысы қыз зорлады деген күдікпен ұсталған.
ERNUR.KZ. Қыз зорлады деп айыпталған Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады stan.kz.
Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында Марат Күштібаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі 5-тармағы (қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Тағылған айыптарға сәйкес 2023 жылғы 12 қарашада Марат Күштібаева Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы бола тұра, полиция басқармасының ғимаратында, өзінің қызметтік кабинетінде зорлау, яғни қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық қолдану арқылы жыныстық қатынас жасаған.
Істің мән-жайлары заңға сәйкес жарияланбайтындықтан, іс жабық сот отырысында қаралды. Осы баптың санкциясы 9 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
“Сот үкімімен Марат Күштібаев Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі 5-тармағы(қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды”, – делінген хабарламада.
ҚК-ның 49-бабының 1-бөлігіне (Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру) сәйкес Марат Күштібаев "полиция полковнигі" арнайы атағынан айырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған полициясының басшысы қыз зорлады деген күдікпен ұсталған. Кейін ол екі айға қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі ("Адамның қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалған. 29 ақпанда Марат Күштабаевтың қыз зорлау ісі бойынша сот процесі басталғаны хабарланған.