Қызылорда-Астана пойызының дәретханасында босанған бойжеткен сәбиін терезеден лақтырып жіберген

0
145

​Қазір оқиғаға қатысты тергеу жұмысы жүріп жатыр.


Қызылорда-Астана пойызының дәретханасында босанған бойжеткен сәбиін терезеден лақтырып жіберген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Қызылордадан Астанаға бағыт алған пойыздың дәретханасында жолаушы әйел босанып, сәбиін терезеден лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты Көліктегі Полиция департаменті түсініктеме берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, пойыз Астанаға 20 сәуір күні таңғы сағат 5 шамасында жетуі керек болатын. Пойыз жолаушыларының бірі түнде оянып кетіп, қан-жоса болып жатқан еденді жолсерік жуып жатқанын көрген, айтуынша дәретхана да қанға боялған. Жолаушы қан ізімен жүріп өткенде төсегінде қансырап жатқан әйел адамды көрген. Сұрастырғанында әйел адам пойызда босанып, сәбиін терезеден лақтырып жібергенін анықтады. Өкінішке қарай, сәби алған жарақатынан шетінеп кеткен.

Желідегі мәліметке сүйенсек, жүкті әйел 9 айында босанған. Ал жүктілігінің бесінші айында есепке тұрыпты.

Оқиғаның анық-қанығы әзірге белгісіз. Біз осы орайда істің анық-қанығын білмек болып, алдымен ҚТЖ-ға сұрау салғанымызда мынандай жауап алдық:

«Бұл жағдай «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойызында болған жоқ. «Қызылорда-Астана» бағытына қызметін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі реттейтін үш жеке тасымалдаушы жүзеге асырады. Естеріңізге сала кетейік, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен қатар Қазақстан Республикасында жолаушылар тасымалы нарығында 14 жеке оператор жұмыс істейді», - деп жауап берді «Қазақстан Темір Жолы».

Өз кезегінде Көліктегі Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.

«Бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында тиісті процестік шешімдер қабылданатын болады. Болған оқиғаның мән-жайы белгіленеді», - делінген Көліктегі Полиция департаментінің түсініктемесінде.