Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

0
688

Қуаңшылық салдарынан көкке аузы тимеген төрт түлік көтерем болып қырылып жатыр.


Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

фото: кадрдан скринделген

Қызылорда облысындағы 500-ден астам мал арам өлген Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өңірдегі топырақтың құнарсыздығы, малдың аштықтан қырылғандығы сынама нәтижесімен расталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Аймақта жем-шөп бағасы күннен күнге шарықтап барады. Бұл шаруалардың жұмысын шатқаяқтатуда. Биыл жем-шөпке мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қол жеткізу қиындаған. Қордаланған мәселе шаруалардың шымбайына батып тұр.

«Қазір жоңышқа қымбаттап жатыр. 600-700 ден жоңышқа табылмай отыр. Келесі орым 800 теңгеден дейді. 3-ші орымда бізге берсе 1000-1100 теңгеден болады. Аралдың өзінде қазір 1200-1400 тг болып тұр. Биыл мал қатты ауырып, өліп жатыр. Кеше де малымыз өлді, қыста біраз шығынға ұшырадық. Қазір тағы шығынға ұшырап жатырмыз», - дейді шаруашылық төрағасы Нұрлан Биманов.

Биыл судың тапшылығына байланысты шөптің шығымы төмен. Әсіресе, Арал өңірінде жағдай қиын. Көкке аузы тимеген төрт түлік көтерем боп, 500-ден астамы арам өлді. Олардан сынама алған мамандар малдың аурудан емес, аштықтан қырылғанын растап отыр.

«Мал ішетін құдықтардан және қосымша көлдерден сынамалар алынды. Одан бөлек, жылқылардан, өлген және мүйізді ірі қарадан сынама алынды. Облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Сол теріс нәтиже көрсетті. Яғни эпизоотиялық ахуал тұрақты. Ауру жоқ. Қуаңшылыққа байланысты, соңғы жылдары жауын-шашынның аз, қыстың қарсыз болуына байланысты мал өте күйсіз түскен. Соның есебінен болып отыр», - деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Бүгіннен бастап Арал ауданы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бірақ мамандар мал шығыны өтелмейді дейді. Ал арнайы бөлінген қаржы бірінші кезекте, аштықтан теңселген төрт түліктің жем-шөп тасымалына қажетті жанар-жағармайға жұмсалмақ. Және жайылымдарда бітелген суаттардың көзін ашу жұмыстары қолға алынады.