Қызылордада тамақ өнімдерінен қауіпті микробтар табылды

0
1 563

Микробтар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдерден табылып отыр.


Қызылордада тамақ өнімдерінен қауіпті микробтар табылды

ERNUR.KZ. Қызылордадағы сауда сөрелеріндегі өнімдерден ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қызылорда облысында жыл басынан бері өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға барлығы 607 өнім сатып алынды. Сараптама «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының зертханасында жүргізілді. Нәтижесінде сатып алынған барлық өнімнің 37 үлгісі техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтіндігі анықталды.

Олардың 9-ы микробиологиялық, 6-ы физикалық-химиялық, 22-і таңбалануы бойынша сәйкессіздік болып табылады. Олардың басым көпшілігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдерден табылып отыр. Өнім құрамында ішек таяқшалары тобы бактериялары да анықталды.

«Бұл адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Ол жағдай - тағамнан уланудың ең жиі себептерінің бірі. Таяқшалар көбінесе асқазан-ішек жолдарына (АІЖ) түседі. Тиісінше олар АІЖ ауруларын, сондай-ақ улану симптоматикасымен жүретін ішек инфекцияларын тудырады. Өнімдер қауіпсіздігін мониторингілеу барысында ішек таяқшалары тобындағы бактериялар 6 өнімнен кездесті. Атап айтқанда, құс еті және құс еті өнімдері, ет және ет өнімдері, кондитерлік, нан-тоқаш өнімдерінен анықталып отыр», - деп мәлім етті облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары.