Қызылордада жас кәсіпкер робототехника мектебін ашты

0
1 437

Робототехника мектебін ашуға 2,4 млн теңге жұмсаған


Қызылордада жас кәсіпкер робототехника мектебін ашты

фото:ҚазАқпарат.

ERNUR.KZ. Қызылордада жас кәсіпкер «Smart Generation» робототехника мектебін ашты, деп жазады ҚазАқпарат.

Серікбол Ералиев бұл ісін бастамас бұрын қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника үйірмесінде жетекші болып қызмет еткен. Одан кейін өз ісін ашуға тәуекел етті. Робототехника мектебін ашуға 2,4 млн теңге жұмсаған. Оның ішінде 500 мың теңгесін «Samruk-kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тамыз айында ұйымдастырған байқауында жеңіп алған еді.

Робототехника мектебіне жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдірушілер қатыса алады. Мектеп ақылы негізде жүргізіледі. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақтар тегін өткізіледі. Робототехника мектебіне қатысушылар аптасына 4 сағат оқиды.

«Мектепті ашуға түрткі болған жайт қазіргі заманның талабы. Робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кей құралдар Даниядан алдырылды, енді бірін Ресейден, Қытай, Алматы, Астанадан алдық. Мектепті ашқаннан кейін кешенді жасаған жөн. Сондықтан да материалдық базаның толық болуына көңіл бөлдік», - дейді С. Ералиев.

Мұнан өзге, Серікбол айына бір рет осы мектепте оқитын балалардың барлығының басын қосып, жалпы іс-шара өткізуді қолға алмақ. Ол техникамен әуес балалар момын, томаға-тұйық келетінін айтады. Ал жалпы көпшілік шаралар балалардың мінезін ашуға септігін тигізеді. Айта кетейік, мектептің ашылуына облыстық кәсіпкерлер палатасы қолдау білдірді.