Өзбекстанда саяхаттап жүрген журналист Мәди Манатбек, ондағы қонақ үйлердің бірінен көрші елдің үлкен туын көріп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына біздің де үлгі алуымыз керектігін жазды.
Өзбекстанның көне Самарқан шаһарында саяхаттап жүрген танымал журналист Мәди Манатбек өзінің "фэйсбук" әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзбектер қонақ үйдің төріне өз туларын ілгенін айтып, бұл көріністің біздің елге үлгі болу қажет екенін жеткізді - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Кезінде Қазақстан РТРК төраға орынбасары, "Қазақ радиолары" ЖШС Бас директоры болған танымал журналист Мәди Манатбек, бүгінде Өзбекстанның Самарқан қаласында саяхаттап жүр. Әріптес сол жақтан фото, бейнетаспаларды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп жатыр. Самарқандағы қонақ үйлердің бірінің төрінде ілулі тұрған өзбек елінің үлкен туы журналист Мәди Манатбектің назарына ілініпті.
"Самарқанның Регистон плаза қонақ үйіне келдік. Түркияға барсаң, Түркияның туын көресің. Өзбекстанға келсең міне, көлемді, үлкен туын іліп қойған. Кішкене болса да, бізге қазақ еліне осы үлгі болса деген тілек, ниетім бар. Қай жерге барсаңда, өзінің елінің туларын, жалаушаларын іліп қояды. Ал, біз өзіміздің туымыздан ұялатын, қысылатын секілдіміз. осыны қолға алу керек деп санаймын"- дейді ол.