Майқайыңдағы апат: құтқарушылар ойық түбіне қосымша техника түсіре алмай отыр

0
313

Бұған дейін кеніште гидравликалық балғасы бар экскаватор шағын көлемді тасты ұсақтап, оның астынан автобустың қосалқы доңғалағы шыққан болатын.


Майқайыңдағы апат: құтқарушылар ойық түбіне қосымша техника түсіре алмай отыр

ERNUR.KZ. Құтқарушылар өз өмірлеріне тәуекелге тіге отырып, Майқайыңдағы ойық түбін қазу жұмыстарын жалғастыруда. Шұңқыр шетіндегі топырақ жынысы мезгіл сайын опырылып құлап жатыр, деп жазады inform.kz.

Бұған дейін кеніште гидравликалық балғасы бар экскаватор шағын көлемді тасты ұсақтап, оның астынан автобустың қосалқы доңғалағы шыққаны туралы хабарлаған едік. Бүгін құтқарушылар топырақ арасынан автобусқа тиесілі тағы бірнеше ұсақ бөлшектерді қазып шығарды. Шағын экскаваторлар автобус жатуы ықтимал жерді аса сақтықпен қазып, жол салып жатыр.

«Құтқарушылардың өміріне ойық шетінен төмен құлап жатқан топырақтар қауіп төндіріп тұр. Сондықтан шұңқырдың түбіне бір немесе екі шағын экскватордан артық техника түсіру мүмкін емес. Ал техникалардың бағытын сыртынан үйлестіріп тұру үшін ол жерде бірнеше маман ғана бола алады. Өзге құтқарушылар ойықтағы процесті ұдайы бақылап, үйінді құлай қалған жағдайда төмендегілерді тартып шығуға дайын отырады. Барлық техника мен адамдар арнайы темір арқандарға жалғанған», деп мәлімдеді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Қазіргі уақытта ойық түбінде бір шөмішті және бір гидравликалық балғасы бар шағын экскаваторлар жұмыс істеп жатыр. Екі бульдозер болат кермелерді тартып тұрса, тағы екеуі эксквататорларды сақтандыру арқанын ұстап тұр.

Төмендегі жұмыстармен Павлодар облысы ТЖД шұғыл құтқару жасағының 15 құтқарушысы, КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 15 құтқарушысы, 2 тау-кен инженері шұғылдануда.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 138 адам, 40 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 дрон жұмылдырылды.