Жоғары технологиялар арқылы жасалатын қызметтер сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетіледі.
ERNUR.KZ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бері жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын медициналық қызмет көлемі артты. Осы жылдың 9 айында Алматы қаласы бойынша аталған қызмет түрлеріне 5,9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұл туралы МСҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Жоғары технологиялық көмек — медицинадағы күрделі, бірегей технологиялардың көмегімен, біліктілігі жоғары мамандар тарапынан жасалатын қызмет түрлері.
Біріншіден, жүрекке жасалатын операциялар; жүрек, бауыр, бүйрек алмастыру; мидағы ісікті сылып алу; тұқым қуалайтын және жүйелік ауруларды, лейкоз, эндокриндік жүйедегі ақауларды емдеу; аса күрделі хирургиялық ота түрлері жатады. Қазіргі таңда қазақстандық дәрігерлер оның 70-ке жуық түрін жасайды.
Айта кетейік, жоғары технологиялар арқылы жасалатын қызметтер сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетіледі.
«Пациент ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылып дайындалады. Ең алдымен пациент тіркелген емханасына хабарласады. Дәрігер оны ауруханаға жатқызу бюросына тіркейді. Ол үшін сырқатты қабылдайтын медицина ұйымының консультациясы талап етіледі. Медициналық қызметті жергілікті деңгейде көрсету мүмкін болмаған жағдайда комиссия пациентті республикалық клиникаларға жіберу мүмкіндіктерін қарастырады. Құжаттар толық әрі дұрыс рәсімделген болса комиссия екі күн ішінде шешім шығарады. Оң шешім қабылданғаннан кейін пациентке жолдама беріліп, ауруханаға жатқызатын күнді белгілейді»,– деп түсіндірді МСҚ Алматы қалалық филиалы.
2020 жыл басынан бері Алматы қаласындағы №7 клиникалық аурухана жоғары технологиялық қызмет түрлерін МӘМС пакеті шеңберінде көрсете бастады. Бүгінде аурухана жоғары технологиялық қызметтің нейрохирургия, қан-тамыр хирургиясы, травматология және ортопедия, интервенциялық хирургия, аритмология сынды бағыттар бойынша 10 шақты түрін көрсетеді.
Клиника өкілі Мақсат Мамырқұлдың сөзіне сүйенсек, аурухананың материалдық-техникалық базасы құны 1,5млн–6 млн теңгеге дейін баратын оталарды жасауға мүмкіндік береді. Оның ішінде жамбас және тізе буындарын алмастыру, жүрекке дефибриллятор қою, бас сүйек ішіне стенттер орнату, аневризмаға шалдыққан тамырларды бітеу сынды ота түрлері бар.
«Бізде көрсетілетін жоғары технологиялық қызмет көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2020 жылы біздің клиникаға сақтандыру пакеті шеңберінде 1 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 170-тен астам пациент емдеу мен диагностика саласындағы ең заманауи технологиялардың игілігін пайдаланып үлгерді», — дейді Мақсат Мамырқұл.
МСҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, аталған қызметтер ақысы медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленіп отыр.
«Сақтандырылған азаматтарға берілетін артықшылық көп. Сақтандыру жүйесінде жоспарлы ем қажет болған жағдайда УДЗ, КТ, МРТ сынды қызметтерден бастап, жоғарғы технологиялық көмек түрлеріне дейінгі аралықтағы көптеген қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік бар», — деді филиал басшысы.