​ Маңғыстау облысында құрастырылған әскери катер суға түсірілді

0
595

Жасалған катер өңірдің теңіз әлеуетінің қарқынды дамып жатқанын аңғартады.


​ Маңғыстау облысында құрастырылған әскери катер суға түсірілді

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысында құрастырылған "Шапшаң" әскери десанттық катері Каспий теңізіне түсірілді. Су жаңа катер теңіздегі мемлекет шекарасын, елдің біртұтастығын қорғауға қызмет етеді, деп жазады inbusiness.kz.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Қарулы Күштердің контр-адмиралы Ратмир Камратов және әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысқан.

Қорғаныс министрінің орынбасары жауынгерлер катерін теңізге жіберу қазақ жұрты үшін қуанышты сәт екенін айтты.

"Президент жолдауында айтқандай, жаһандық әскери техника өндірісі дамыған мемлекеттердің ұлттық қорғаныс жүйесінде шешуші рөл ойнайды. Қазіргі заман – жаңа технология заманы. Бұл катер – Отанымыздың инженерия саласының жоғары деңгейінің айқын дәлелі", – деді Сұлтан Қамалетдинов.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында болып жатқан тарихи оқиғаның ғалымдардың төккен тері мен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ құрылыс индустриясын дамыту, тереңдету қажет деп бағыт-бағдар берген еді. Міне, нәтижесін, жемісін көріп отырмыз. Өңірімізде жасалған отандық өнім ел тыныштығын күзетіп, теңіз әскерлерінің нәтижелі қызмет етуіне көмектеседі. Осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға, мамандарға, құрылысшыларға көп рахмет айтамын. Азаматтар өздерінің шеберліктерін дәлелдеді", – деп әкім ризашылығын білдірді.

Жаңа катерді құрастырған "Кеме жабдықтары және сервис" ЖШС-нің директоры Дмитрий Донскойдың айтуынша, тек қорғаныс саласында емес, азаматтарға арналған, туризм, транспорт бағытында, төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын техникаларды да жасауға мүмкіндіктері бар.