Мәжілісмендер банкрот тұлғалардың букмекерге бәс тігуіне заңмен тыйым салуды ұсынды

0
557

Халық қалаулылары жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлық түріне тыйым салуды ұсынып отыр.


Мәжілісмендер банкрот тұлғалардың букмекерге бәс тігуіне заңмен тыйым салуды ұсынды

ERNUR.KZ. "AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына тиісті депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бүгінде букмекерлік кеңселер өз қызметін жарнамалауға және қазақстандықтарды құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Олардың теледидарда, радиода және интернетте жарнамасы қызып тұр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары отандық және шетелдік спорт трансляциясы кезінде буын бұрқыратып, букмекерлік кеңселерді жарнамалауда", - деді халық қалаулылары.

Бұдан басқа кәмелетке толмағандар қоғамдық орындардағы лотерея терминалдарының құрсауында жүр, деп атап өтті олар. Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 444-бабының 2-бөлігіне сәйкес 21 жасқа дейінгі азаматтарды құмар ойындармен айналысуға тартуға тыйым салынған.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметтен бірқатар шараларды жедел түрде қолға алуды талап етіп отыр.

Мәжілісмендердің айтуынша, ең әуелі букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн, офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу қажет.

"Екіншіден, қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек. Үшіншісі – елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту. Төртіншіден, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған "Lotomatic" секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға, лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек. Бұдан басқа жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу қажет", - деп түйіндеді депутаттар.

"AMANAT" партиясының "Қоғамдық саясат институты" жүргізген әлеуметтік зерттеудің қорытындысына сәйкес, респонденттердің 61%-ы елдегі букмекерлік кеңселердің жұмысына тыйым салу қажеттігін құптаған.