Сараптама қорытындысына сәйкес, С. Нүкенованың қанынан есірткі, дәрілік және психотроптық заттар табылмаған.
ERNUR.KZ. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова марқұм Салтанат Нүкенованың мәйітіне жасалған сот-медициналық сараптаманың мәтінін жариялауды өтінді. Бұған Бишімбаевтың адвокаттары қарсылық танытқанымен, судья Айжан Күлбаева сараптаманың оқылуына шешім қабылдады, деп жазады inform.kz.
«Сот-медициналық сараптама кезінде Салтанат Нүкенованың денесінен бас сүйек-ми жарақаты, бетінде көптеген жара мен қан анықталды. Мұрны сынған, мұрнының айналасындағы терісіне қан құйылған, бас терісіне қан құйылып, субдуральды гематома (мидың ұзақ материялық қабатының астынан қан кету) тіркелді», — деді сараптаманы оқыған жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова.
Оның айтуынша, дер кезінде медициналық көмекке жүгінгенде С. Нүкенованың тірі қалу мүмкіндігі жоғары болатын еді.
Оған негіз жоқ емес. Мейрамханадағы бейнежазбалардан Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың дәріге тапсырыс бергенін аңғаруға болады.
«Осы сәттерде жедел жәрдем қызметін шақырса, жағдай басқаша өрбитін еді», — деген ой көпшілікті мазалайды.
Десе де, сарапшылар көмек көрсетілген жағдайда Нүкенованың аман қалу мүмкіндігіне нақты жауап бере алмады.
«Алынған жарақаттар орталық жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуына, кейін тоқтауына, жүрек қызметі мен тыныс алудың тоқтауына әкелді. Бұл — өлімге тікелей себеп болды», — деді Ж. Оразбақова.
Сараптама қорытындысына сәйкес, С. Нүкенованың қанынан есірткі, дәрілік және психотроптық заттар табылмаған. Алкоголь аз мөлшерде тіркелген.