Тиісті заң жобасы биылғы қыркүйекте Мәжіліске енгізілуге тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2022 жыл қорытындысында жеке және заңды тұлғалардан жалпы саны 35 337 шағым түскен. Яғни, біршама төмендеді: 2021 жылы – 42 925 арыз қаралыпты.
Бұл ретте тұтынушылардың басым көпшілігі – 64,6% немесе 22,8 мың өтініш иесі банктердің ісіне наразы болған. Әлеуметтік кернеуді ушықтыру жөнінен екінші орында микроқаржы ұйымдары тұр: барлық шағымның 19,8%-ы немесе 7 мыңдайы соларға қатысты. Үштікті сақтандыру компаниялары, коллекторлық агенттіктер және брокерлер тұйықтады: олардың жалпы үлесі – 15,6% немесе 5,5 мың шағым.
Соның ішінде қаржылық реттеушінің мәліметінше, коллекторлардың қарекетіне шағымданушылардың үлкен бөлігі немесе 17,2% – коллекторлық агенттіктердің борышты кешіруден, есептен шығарудан бас тартқанына қарсы болып отыр.
Әрине, коллекторлардың басты қызметі – қайырымдылық емес, керісінше, банктерден, МҚҰ-лардан дисконтпен, жеңілдікпен сатып алған қарызды кез келген заңды жолмен әрі барынша толық көлемде өндіртіп алу.
Дегенмен, Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктер, микроқаржы ұйымдары сияқты енді коллекторлар да өзіне түскен берешектің бір бөлігін кешіруге тиіс деген байламға келіпті.
Бұл талапты заңдастыру үшін қаржылық агенттік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты.
Осы заң жобасы арқылы қолданыстағы "Коллекторлық қызмет туралы" заңының 15-бабындағы "Коллекторлық агенттіктің міндеттері" жаңасымен толықтырылады.
"Ол бойынша банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиторлық құқықтарды өзіне қабылдап алған коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдау міндеті енгізіледі. Елде проблемалы берешектің ары қарай өсуін болдырмау, әлеуметтік шиеленісті төмендету, дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру, борышкерлердің құқықтарын күшейту, сондай-ақ сот жүйесіне түсетін салмақты азайту мақсатында 2021 жылғы қазанда екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) міндеттемесі енгізілген болатын. Яғни, олар проблемалық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдамас бұрын, алдымен оны реттеуі шарт. Бұл реттеудің бірыңғай сотқа дейінгі тәртібі енгізілді", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мамандары.
Алайда қарыз алушының бәрі бірдей берешегін реттеу мәселесімен кредиторына жүгіне бермейді. Керісінше, оның көзіне түспеуге тырысып, жалтарып жүреді. Салдарынан проблемалық берешекті қайта құрылымдау әркез іске асырыла бермейді. Ары қарай қарыз коллекторға көшеді.
Оның үстіне борышты реттеуге бас қатырмау, яғни, еңбек ресурстарын шығындамау, сондай-ақ қарыз кешіруге бармау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары несие шарттары бойынша құқықтар мен талаптарды коллекторлық агенттіктерге тездетіп тапсыру практикасын кең пайдаланады.
Осыдан заңнамалық кереғарлық пайда болады. Әу бастан несие берген банктер мен МҚҰ-лар "кредитор" мәртебесіне ие болады. Содан соң олар дәл осы құқығын коллекторларға береді. Тиісінше, енді коллектор да "кредитор" мәртебесін иеленеді.
Қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, банктер, МҚҰ-лар сияқты кредитор мәртебесін иеленетіндіктен, коллекторлық агенттіктер (КА) де енді "Қазақстан заңнамасында көзделген бастапқы кредитор мен борышкердің өзара қарым-қатынастарына, сондай-ақ осындай шартқа қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға тиіс".
Ол талаптарға қарыздың бір бөлігін немесе толық көлемін кешіру, есептен шығару да жатады.
Бір қызығы, коллекторлардың несиені кешіруі басталып кетіпті.
Қазақстандықтардың шектен тыс қарызға бату проблемасын шешу үшін Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2022 жылы әрбір КА-дан борышы өздеріне тапсырылған "жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу және деңгейін азайту жөніндегі жеке жоспарларын" талап етті.
Соның аясында біраз КА берешекті қайта құрылымдау тетіктерін қолдануға келісті. Нәтижесінде, былтырдан бері коллекторлар 331 мың азаматтың жалпы сомасы 16,1 миллиард теңге болатын берешегін реттеді. Яғни, қайта құрылымдады, мөлшерін азайтты немесе мүлдем есептен шығарды.
Сондықтан ведомство осы тәжірибені заң жүзінде бекітуге бел буып отыр.
"Қазақстанда қарыз көлемінің және берешегі КА-ларға берілген қарыз алушылар санының серпінді өсуі, сондай-ақ қолданған шаралардың өз тиімділігін көрсетуі коллекторлық агенттіктерді берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге заң деңгейінде міндеттеу қажеттігін негіздеді. Сонымен бірге берешекті реттеу процедураларын регламенттеу және оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында банктер мен МҚҰ-лардың қарыз алушыларының құқықтары теңестіріледі. Бұл үшін Агенттік өзі қабылдайтын нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиісті іс-шараларды жүргізетін болады", – деп мәлім етті қаржылық реттеуші.
Әрине, коллекторлар жаппай қарыз кешіруге бармайды. Агенттік мамандары азаматтардың берешегін реттеу жөніндегі КА міндеттері енгізілген соң, олардың табысы айына шамамен 2%-ға азаяды деп бағалады.
2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша еліміздегі жетекші 50 коллекторлық агенттіктің банктер мен мен МҚҰ-лардан сатып алған жеке тұлғалардың берешегінің жалпы көлемі 361,1 миллиард теңгені құрады.
Оның бәрін коллекторлар үлкен жеңілдікпен сатып алды: дисконт 25%-дан 70%-ға дейін жетеді.
Дисконт мөлшеріне мынадай факторлар әсер етеді:
- қарыз бойынша төлем енгізу тоқтатылғалы бері өткен күндердің саны;
- заң талабы аясында қарыздар бойынша резервтерді, провизияларды қалыптастыруға арналған шығыстар;
- кепілдіктің болуы не болмауы;
- Банк, немесе МҚҰ қабылдаған сотқа дейінгі жазалау шараларынан нәтиже шықпауы;
- берешекті қайтару перспективаларының жоқтығы, соның ішінде атқарушылық іс аясында оның барлық құнды мүлкінің бұрын мәжбүрлеп алып қойылуы және басқасы.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы сәуірге дейінгі кезеңде берешекті өтеу есебінен коллекторлар 67 миллиард теңге табыс тауыпты.
Оның ішінде 2021 жылы – 22,5 млрд теңге, 2022 жылы – 35,6 млрд теңге, 2023 жылғы 1-тоқсанда – 8,9 млрд теңге.
Қаржылық реттеуші 2023 жылы – коллекторлардың қолындағы кемінде 17 миллиард теңгенің, ал 2024 жылы – кемінде 21,2 миллиард теңгенің қарызы осы тәсілмен реттеледі деп жоспарлап та қойды.
Дереккөз: Inbusiness.kz