Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды.
ERNUR.KZ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік желілерінде 2024-2025 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды, деп жазады zakon.kz.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.
Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс "Стоматология" БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты. Ары қарай "Халықаралық қатынастар және дипломатия" (11 адам), "Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау" (10 адам), "Аударма ісі" және "Психология" (9 адам) болды.
Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 22 мыңнан астам талапкер, олардың ішінде "Алтын белгі" иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.