ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп директорларын үшінші, екінші, бірінші санаттағы деп бөліп қарастырмақшы енді.
ERNUR.KZ. Бүгін Алматыда өткен мұғалімдер форумында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларының жалақысына қатысты енгізілген өзгеріс туралы да айтты, деп жазады Zakon.kz.
Аймағамбетов білім беру саласында ротация жүйесін енгізу және кадрлар резерві институтын құру қажет деп санайды. Өйткені мектеп басшылығындағы адамдардың көпшілігі 5-10-20 жыл үздіксіз жұмыс істейді, оларды алмастыратын адам таппай кейде қиналады. Осы ретте министр мектеп директорларының жалақысына да тоқталды.
"Бүгінгі жағдай былай, біз мектеп директорларынан жұмыс істеуді талап етеміз. Сондықтан, біз мемлекет басшысының тапсырмасымен мектеп директорлары жалақысының төлеу тәсілін қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Қазір олар бірдей жалақы алады, егер сізде жүз оқушы болса да, тіпті ол мыңнан асса да, жауапкершілік деңгейі мен жұмыс көлемі әртүрлі болғанына қарамастан.
Екіншіден, Білім және ғылым министрлігі мектеп директорларын үшінші, екінші, бірінші санаттағы деп бөліп қарастырмақшы енді. Сондай жоспар бар. Әрине, санатқа қарай, жалақысы да өзгереді. Мәселен, үшінші санаттағыға қосылатын сыйақы 30 процент болса, екінші санат 50-ге жуық, ал бірінші санат 100 процентті қамтуы мүмкін. Жақсы нәтиже көрсеткен мектеп директорларын біз ынталандыруымыз керек. Ал қазір жұмыс нәтижесі қандай болмасын, барлық директор бірдей жалақы алады", - деді ол.
Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты министр тиісті заң жобасының дайын болғанын және біраз уақытта ол Мәжіліске ұсынылып, жақын арада Парламент қабырғасында талқыланатынын айтты.
"Бұл заң жобасында тиімді шаралар қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысын әр төрт жыл сайын көтеріп отыру керек, сонымен қатар тәлімгерлік, сынып жетекшілігі және тағы басқасына қосымша ақылар қарастырылған", - дейді министр.
Сондай-ақ, бұл заң жобасында мұғалімді немесе педагог қызметкерді басқа жұмысқа тарту, қажет емес есептерді жасату сынды заңбұзушылықтар анықталып жатса, оған әкімшілік айыппұлдар қарастырылған.