Министр өзі басқаратын ведомство су тасқынына дайын болмағанын мойындады

0
301

Биыл көктемде он өңірді су басқан болатын.


Министр өзі басқаратын ведомство су тасқынына дайын болмағанын мойындады

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өзі басқаратын министрліктің көктемгі су тасқынына тиісті деңгейде дайын болмағанын мойындады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ол ТЖМ барлық күштер мен құралдарды төтенше жағдай аймағында қалған халықты тез арада эвакуациялауға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жұмылдырғанын еске салды. Оның айтуынша, құтқару жұмыстары қолайсыз ауа райы жағдайында және қиын жерлерде жүргізілген.

«Апат орын алған аймақтарда инженерлік техника мен әуе көлігінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз әрі ұзақ мерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болатын. Осыған байланысты көптеген күштер мен құралдарды теміржол эшелондарымен және әуе кемелерімен жөнелтілді», - деді Әрінов үкімет отырысында.

Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзендердің арнасынан асып тасуына байланысты Қорғаныс министрлігінің понтон көпірлері орнатылды. Осылайша халықты дер кезінде эвакуациялап, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу қамтамасыз етілді.

«Зардап шеккен аймақтардың тасқын судың көлемі мен олардың салдарына дайын еместігі аңғарылды, ондағы бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру мен үйлестіру әлсіз жүргізілді. Туындаған қиындықтарға қарамастан министрлік тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, гуманитарлық жүктерді жеткізу, электр қуатымен жабдықтауды және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелерін жедел шешті», - деді ол.

Әрінов апатпен аянбай тәулік бойы күрескен қарапайым жауынгерлер мен құтқарушылардың арқасында адам өліміне жол берілмей, 500-ден астам елді мекен су басудан аман қалғанын атап өтті.