Заңды таныстырған Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов аталған жаңашылдықтар үшінші Ұлттық құрылтайдың шешімі негізінде қолға алынғанын атап өтті.
ERNUR.KZ. Мемлекеттiк наградалар туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді қабылдады, деп жазады inform.kz.
Заңды таныстырған Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов аталған жаңашылдықтар үшінші Ұлттық құрылтайдың шешімі негізінде қолға алынғанын атап өтті.
«Аталған заң жобасы мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге бағытталған және ол арқылы „Айбын“ орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беру жөнінде өзгерістер мен толықтыру енгізілмек. Атап айтқанда, орденнің бірінші дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, екінші дәрежесіне — Бауыржан Момышұлының, үшінші дәрежесіне — Рахымжан Қошқарбаевтың есімі беріледі», — деді ол.
Сондай-ақ, ол заң жобасы Конституцияға, мемлекет ратификациялаған халықаралық шарттарға, халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейтінін айтты.
«Сағадат Нұрмағамбетов — Кеңес Одағының Батыры (1945), Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі (1992-1995), Халық Қаһарманы (1994), Қазақстан Республикасы армиясының генералы (1993). Бауыржан Момышұлы — Қызыл армия командирі, панфиловшы, полковник (1943), Кеңес Одағының Батыры (бұл атақ 1990 жылы, қайтыс болғаннан кейін берілді). Рахымжан Қошқарбаев — Қызыл армия офицері, Рейхстаг баспалдағында жеңіс туын біріншілердің бірі болып көтерді, Халық Қаһарманы (1999). Біздің сайыпқыран ерлеріміздің, Отан қорғаушыларымыздың есімін берудегі таңдап алынған кезектілік олардың даңқты жауынгерлік ерлігіне байланысты», — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.