Мүгедек анасына қолқанат болып жүрген 12 жасар бала елдің көмегіне зәру

0
1 726

Отбасыға көмектесемін деушілер Сағыныштың анасы Гүлнәр Жаңабекованың 87775068677 телефонына хабарлама жаза алады.


Мүгедек анасына қолқанат болып жүрген 12 жасар бала елдің көмегіне зәру

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Ембі қаласында екі баласын жалғыз асырап отырған саңырау келіншектің жағдайы мүшкіл. Жәрдемақымен ғана күн көріп отырған отбасы елдің көмегіне зәру, деп жазады NUR.KZ.

Құлағы естімейтін не өздігінен сөйлей алмайтын келіншекті 12 жастағы ұлы жетектеп жүреді. Әйел қоғаммен тек ұлы арқылы ғана байланыс жасап отыр.

"Әкем алты жасымда қайтыс болды. Анам пәтер жалдап тұрады. Айына 15-20 мың теңге төлейміз. Анам сөйлей алмайды, құлағы да естімейді. Сол себепті жұмыс жасамайды. Бізге нағашы әжеміз көмектеседі. Үшінші класста оқитын інім екеуміз интернатта тұрып жатырмыз. Інімнің сабаққа дайындалуына көмектесемін. Анам бізді сұрап алған кезде қасына барып қонамыз", - дейді 7 класс оқушысы Сағыныш Жұмабай.

Ұстаздарының айтуынша, 12 жастағы Сағыныш анасының кішкентай көмекшісі. Үнемі қасына еріп жүреді екен. Бала отбасындағы жауапкершілікті сезініп, есейіп қалғанға ұқсайды.

Мұғалімдері оның сабақ үлгерімі де жақсы екенін айтады. Бала спорттық жарыстарға қатысады екен.

"Интернаттағы жағдайым жақсы. Бесінші класстан бері интернатта тұрып жатырмын. Анам ештеңені түсіндіре алмайды. Құжат жасау керек кезде, сыртқа шыққанда үнемі еріп жүремін. Біз өзіміздің үйіміз болса деп армандаймыз", - дейді Сағыныш.

12 жастағы бала жалғызбасты анасының ең болмаса пәтерақы үшін алаңдамайтын жатақханаға орналасқанын армандайды.

Отбасының жағдайымен ауыл әкімі де хабардар. Бірақ, көмектесе алмайтынын ашып айтты.

"Отбасының жағдайымен таныспын. Бізде ондай баспана салынып жатқан жоқ. Егер мүмкіндік болса, бірінші кезекте осындай отбасыларға береміз. Бірақ, баспана мәселесі аудандағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен шешіледі", - дейді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Отбасыға көмектесемін деушілер Сағыныштың анасы Гүлнәр Жаңабекованың 87775068677 телефонына хабарлама жаза алады.