Мұнай-газ кешені – ел экономикасының драйвері

0
280

Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі «Мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні».


Мұнай-газ кешені – ел экономикасының драйвері

Қазақстан Республикасында қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде «Мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні» деп аталатын кәсіби мереке аталып өтеді. Биыл аталған салада қызмет ететін азаматтар бұл мерекені жоғары деңгейде қарсы алды. Одан бөлек, 2024 жылы Қазақстандағы мұнай саласының 125 жылдық мерейтойы да ерекшеленді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан мұнай және газ саласының дамуына, ел экономикасы мен өндірісінің артуына үлес қосқан азаматтар лайықты марапаттарып, арнайы төсбелгілер мен грамоталарын алып жатты.


Бүгінде Отандық мұнай және газ саласы едәуір алға жылжып, экономиканың драйверіне айналып отыр. Яғни, Қазақстан жерінің астындағы қара алтын жиырма миллионнан астам азамат үшін табиғи байлық қана емес, ел тұрмысын түзеуге ықпал ететін маңызды ұғымға айналып кетті. Ал оған осы салада еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтың өзіндік үлестері бар. Енді «Қазақстан мұнайының 125 жылдық мерейтойы» деген сөзге түсінік бере кетейік: 19 ғасырдың соңғы жылы – 1899 жылы Атырау өңіріндегі Қарашүңгіл деп аталатын кең орнында алғаш рет мұнай ресурсы өндіріле бастаған.


Ал, «Мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні» деп аталатын кәсібии мереке осыдан 21 жыл бұрын алдыңғы ел Президентінің Жарлығына сәйкес ресми бекітілген болатын. Сәйкесінше, бұл мереке еліміздегі маңызды даталарды бірі деп санаймыз. Өйткені, аталған саладан ел қазынасына түсетін пайда сөз басында айтқанымыздай экономика, әлеуметтік сала мен өндіріске зор ықпалын тигізіп келеді. Одан бөлек, экспортқа шығарылып, дамушы елдердегі алпауыт компаниялардың инвестицияларын тартуға сеп болып келе жатыр.


Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы қарқын ала бастаған. Дәлірек айтсақ, сол жылы еліміздің бірінші басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалымен Chevron корпорациясымен келісімшарт түзіліп, қазір күллі қазаққа таныс «Теңіз» кен орнында ауқымды өндіріс жұмыстары басталған еді. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ бұл ел Ьәуелсіз тарихындағы алғашқы ірі көлемдегі табиғи байлық игеру жұмысы болатын. Одан кейін, Қашаған, Қарашығанақ сынды кен орындарында да ауқымды жұмыстар басталып, бүгінде бір жолға қойылды. Соның арқасында Тәуелсіздік алған отыз жылдан аса уақыт ішінде еліміздегі мұнай өндірісінің көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Яғни, бұл өндірістен ел қазынасына түсетін табыс та соншалықты деңгейде артты деген сөз. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, мемлекет қазынасына түсетін қаржының біршама бөлігі астамы осы саладан келеді екен, сонымен қатар жалпы ішкі өнімнің 25 пайыздан астамы мұнай-газ кешенінде өндіріледі.


Жалпы, бүгінге дейін республика көлемінде екі жүз елуден астам мұнай-газ өндіретін орындар жұмысын бастап, ол нысандарда тұрақты түрде жаңарту және дамыту жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Мұнай өнімдерінен бөлек, соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерге табиғи газ тартылып, тұрғындардың игілігіне беріліп жатыр.


Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір Жолдауы мен Үндеулерінде аталған салаларды дамыта түсу жөнінде тапсырмалар беріп, өндірісті әртараптандыру, Отандық өнімдерді көбейту, өңдеу өнеркәсібін дамыту бағыттары бойынша көптеген тапсырма беріп жатыр. Салаға инвестиция тарту жұмыстарын да назардан тыс қалдырған емес. Сәйкесінше, елімізде осы жұмыстардың барлығын сапалы түрде атқаратын мамандарды дайындау жұмыстары да мықтап қолға алынған.


Тиісінше, халықаралыұ сараптамалар бойынша Қазақстан Республикасы мұнай өндірісінен әлем елдері арасында он жетінші (бұл дерек жаңартылуы мүмкін) орында тұр. Ал, газ саласы бойынша жиырма алтыншы орынға жайғасқан. Мұнай мен газ қоры бойынша да алдыңғы орындарға жайғасқан. Ендігі кезекте еліміз осы ресурстарды өнідіріп қана қоймай, өңдеуге де басымдық бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ