Нұр-Сұлтан тұрғыны карантин кезінде қыз ұзату тойын өткізген

0
901

Ұйымдастырушы тойға 50-ге жуық қонақ шақырған.


Нұр-Сұлтан тұрғыны карантин кезінде қыз ұзату тойын өткізген

ERNUR.KZ. Кеше сағат 18:40-та мониторинг жүргізу тобы «Хан Талапай» мейрамханасында өтіп жатқан тойдың үстіне түскен, деп жазады ҚазҚапарат.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына қарамастан, ұйымдастырушы тойға 50-ге жуық қонақ шақырған. Отбасылық мереке тоқтатылды. Мейрамхана иесі мен той ұйымдастырушысы салынған тыйымды елемей, адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдай орнатты.

Мейрамхана әкімшісіне қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды карантин режимін сақтауға шақырады. Ауру жұқтыру оқиғаларын болдырмау мақсатында тәртіп сақшылары тұрғындармен арнайы әңгімелесу жүргізеді. Мұндай шаралар азаматтарға мәжбүрлі ықпал ету шараларынан гөрі тиімдірек әсер етеді.


«Өкінішке қарай, алдын алу шараларын елемеу оқиғалары әлі де орын алып отыр. Соңғы тәуліктің ішінде ғана Полиция департаментінің қызметкерлері 57 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, соның ішінде 43-інде карантин режимінің бұзылуын анықтаған.

Азаматтар салынған тыйымды елемей, отбасылық мерекелерді әлі де өткізуде, сол арқылы егде жастағы адамдардың ғана емес, балалар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Барлық тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», - деп қосып өтті полициядан.