Әйелдің есінен танып бара жатқанын көрген ол оны пәтерден алып шығып, баспалдақ алаңында қалдырған.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда әйелді зілтемірдің тасымен ұрып өлтіріп, қанталаған денесін баспалдақ алаңына лақтырып тастаған, деп жазады Stan.kz.
Бұл жөнінде ішкі істер министрлігінің басты ақпарат көзі мәлімдеді.
“102 пультіне Әуезов көшесіндегі үйдің тұрғынынан баспалдақ алаңында қанталаған әйелдің жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер дене жарақаттары бар 34 жастағы әйелдің мәйітін тапты”, - делінген ақпаратта.
Елордалық жедел уәкілдер жедел іс-шаралар жүргізу барысында бір тәуліктің ішінде Ақмола облысының аумағында 37 жастағы күдіктіні ұстаған.
“Анықталғандай, ер адам бір күн бұрын аулада жас әйелмен танысып, бос уақытын өткізу үшін оны пәтеріне шақырған. Отырыс барысында күдікті мен қонақтың арасында жанжал туындап, ер адам спорттық зілтемірден металл белтемірді алып, жәбірленушінің денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Әйелдің есінен танып бара жатқанын көрген ол оны пәтерден алып шығып, баспалдақ алаңында қалдырған. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізілуде”, - деп түсіндірді полиция.