Әйелді полиция қызметкерлері құтқарды, ол қазір ауруханада жатыр.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда полицейлер көпірден өзенге секірген жүкті әйелді құтқарып қалды, деп жазады sputnik.kz.
Елорда полицейі, полиция капитаны Алмаз Құлтанов жексенбі күні Қабанбай батыр даңғылында қызметте жүрген. Түске қарай ол бұрынғы "Рамстор" сауда үйі аумағындағы "Есіл" өзені көпірінде оғаш қимыл жасаған қызды байқаған. Ол жүріп бара жатып киімдерін шешіп, көпірден секірмекші болған. Құлтанов бұл туралы дереу жедел басқару орталығының кезекшісіне хабарлап, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін көпірге қарай жүрген. Бірақ осы кезде әйел мұздай суға секіріп үлгерген.
"Құлтанов бір секунд ойланбастан оның артынан суға секірді. Тәртіп сақшысы әйелдің киімінен ұстап, жағаға қарай беттеді", - деп хабарлады елорда полиция департаменті.
Осы кезде полиция аға лейтенанты Асылхан Нұрмұхамбетов құтқару белдемшесін лақтырған, ал полиция лейтенанты Нұрсұлтан Сариев әріптесіне көмектесу үшін жағалау жақтан суға түскен.
Жағада оларға алғашқы көмекті көрсету үшін басқа полиция қызметкерлері мен қала тұрғындары күтіп тұрды.
Әйел ауруханаға жеткізілді. 25 жастағы астана тұрғыны жүкті екені белгілі болды.
"Ойлануға уақыт болмады. Тез шешім қабылдау қажет болды", - дейді Құлтанов.
Полицейлердің ерлігін Нұр-Сұлтан полиция департаментінің басшылығы ескерусіз қалдырмайды, деп хабарлады ведомство.