ERNUR.KZ. Білім басқармалары білім ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне бақылауды күшейтуі қажет. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Министрлік білім ұйымдарындағы барлық жағдайларды бақылауда ұстап отырғанын ескертеміз. Білім басқармалары басшыларына функционалдық міндерттеріңізді тиісті деңгейде атқаруды және білім ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне бақылауды күшейтуді; жоғары деңгейдегі тәрбие мен білім сапасын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді; қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болуды тапсырамыз», - деді ол Оқу-ағарту министрлігіндегі кеңесте.
Сонымен қатар ол өңірлердегі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне де бірқатар тапсырма берді.
«Білім ұйымдарында оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына бақылау күшейтілсін. Оның ішінде үш ауысыммен оқитын мектептерге ерекше назар аударылсын. Қалалық, аудандық білім бөлімдері және мектеп директорларымен кеңестер өткізілсін. Мектепішілік бақылаудың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізсін. Мониторингі нәтижесі бойынша тәуекелдерді анықтап, білім басқармаларына шара қолдануға ұсыныстар жолдансын»,- деді комитет төрағасы.