11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елорданың оқушылары үшінші тоқсанда оффлайн оқитын пәндерді атады, деп жазады ҚазАқпарат.
«11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады. 1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуды жалғастырады. Cонымен қатар, III тоқсанда бітіруші 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптар режимінде оқуды бастайды деп жоспарлануда. Әрине, нақты шешім ең алдымен қаламыздағы эпдемиялогиялық жағдайға байланысты болады», - деді басқарма басшысы бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша оффлайн өтетін сабақ кестесіне: орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы кіреді. Бұл оқыту пәндерінің 70% - ын құрайды.
«Сондай-ақ пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. Атап өтетін болсам: информатика, өзін – өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады. Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес асинхронды түрде жүргізіледі», - деді ол.