Онлайн қайыр: елімізде әлеуметтік желі арқылы қайыр сұрайтындар көбейген

0
3 416

Қайыр сұрағанның бәрі шындығында ақшаға мұқтаж ба?


Онлайн қайыр: елімізде әлеуметтік желі арқылы қайыр сұрайтындар көбейген

ERNUR.KZ. Мұқтаждық па әлде масылдық па? Елімізде танымал тұлғалардан қайыр сұрап, қол жаятындар көбейіп барады. Әрине, жағдайы жақсы болса мұқтаж жанға көмектескенде не бар дерсіз? Бірақ қол-аяғы сап-сау, еңбек етуге қабілетті жастардың қайыр сұрауы неге жиіледі? Ал көмек беруден бас тартқандарды қарғап-сілейтіндердің көксегені не? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Заманына қарай адамы демекші, соңғы уақытта онлайн қайыр сұрайтындар көбейді. Тіпті, оның қайсы рас, қайсы жалған екенін ажыратудан қалдық.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын жағдайын айтып, көмек сұраған адамдардың хатын оқып, жылап, ұйқым қашып ауырып қалатынмын. Қазір тоқталып оқымаймын да. Күніне 40-50-ден аса хат, қоңыраулар түседі. Біреуі ұрсып, өзгесі қарғап, тағы бірі жалынып сұрайды. Қайсы шын мұқтаж, қайсы алдап түрғанын білмейсің. Міндеттісің деп мәжбүрлегісі келетіндер тіпті көп», - деп жазған әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Иә, әдетте танымал адамдарға жазатындардың дені баласының еміне, ішер ас пен киер-киіміне ақша сұрайды екен. Мейлі, әуелгісі амалдың жоқтығынан болар, ал соңғысы ше?

«Еңбек еткісі келмейді, масылдар көбейіп кетті. Соңғы деректерді қарасақ, 2019 жылы мұқтаж адамдар 24 пайыз еді, қазір 38 процентке дейін көбейген. Неге? Өйткені жыл өтсен сайын масылдық көбейіп барады. Дым істемей ақша тапқысы келеді», - дейді қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші.

Мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажыратудан қалып бара жатқанымыз жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мемлекет басшысы енжарлықтың жарға жығатынын ескертіп, халықты осы әдеттен арылуға шақырған-ды. Бірақ, желіде онлайн қайыршылардың қаптауы бұрынғы жартастың әлі сол жартас екенін аңғартса керек.
Хош. Елімізде адал еңбектен қашып, жеңіл ақшаға, оңай олжаға құмартқандар неге көбейіп барады өзі?


"Мұқтаж жандардың арасында әлеуметтік әл-ауқаты зор адамдардың кіріп кетуінің себебі- біздің қоғамның өзі тәуелсіздік алғаннан бері фундаменті дұрыс қаланбаған. Ұлттық идеологияға, қарапайым халықты жұмыспен қамту тетіктері дұрыс жұмыс істемейді. Соның кесірінен ара-жігін ажырату қиынға соғып жатыр да", - дейді қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші.

Дегенмен, елімізде тағдыр тауқыметіне мойымай, жұртқа алақан жаймай, адал еңбегімен күн көріп жүрген жандар да жетерлік. Тек, жігері жасымай, сағы санбаған жандардың еңбекке деген құлшынысы сап-сау басымен қайыр сұрағандарға сабақ болса қане.