Алматы облысының Қайнарлы ауылында молданың отбасылы келіншекті төсекке сүйреп, өзіне қол салуға жеткізгені туралы оқиғаны БАҚ жарыса жазуда.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Ескелді ауданының Қайнарлы ауылында болған сұмдық оқиға күллі Қазақстанға тарап кетті. Ауыл молдасының кесірінен өзіне қол жұмсаған отбасылы келіншектің оқиғасын бүгінде БАҚ жарыса жазуда. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай Facebook-тегі ресми парақшасына жазба қалдырды, деп жазады kaz.nur.kz.
"Қадір Әнбияға қатысты жайсыз жаңалықты қатты күйзеліспен қабылдадық... Несін жасырайық, сары уайымға салды... Өте өкінішті... Бұл оқиға оразаның рухын бұзғандай болды. Бізде бар мәліметтер бойынша, Әнбия Қадір Қытайдан көшіп келген азамат. 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Алматы облысы Ескелді ауданы Қайнарлы ауылы тұрғындарының өтініші бойынша осы елді-мекендегі мешітке молда қызметіне тағайындалған. 2019 жылдың 30 сәуірінде өз өтініші бойынша жұмыстан босатылған. Қазір мешіттің жұмысы өзге адамға жүктелді. Орын алған оқиғаның анық-қанығы құзырлы құқық қорғау органдары арқылы тексерілуде. Бәрі анықталады. Алдын ала болжамды ақпарат беруге асықпайық. Сөзсіз, кінәлі адам жазасын алады. Марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын... Жанға батқан, көңілді күпті еткен оқиға... Ауылдың әр түкпіріндегі мешіт молдасы өсіріп, тәрбиелеп жатқан өз балаң іспетті... Жетістігіне қуанып, шалыс басқан қадамына қайғырасың...", - деп жазады Ағабек Қонарбай.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының Қайнарлы ауылында молданың отбасылы келіншекті төсекке сүйреп, өзіне қол салуға жеткізгені туралы жазған болатынбыз.