Дене және бет терісін емдеуге және күтуге арналған косметика экологиялық таза шикізаттардан жасалады.
ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде косметикалық өнімдер желісі іске қосылды. Қазіргі уақытта шағын өндірісте 10-нан астам құрал түрі шығарылуда, деп жазады baq.kz.
Табиғи косметикалық брендтің негізін қалаушы - Торайғыров университетінің PhD докторы, биолог Римма Уәлиева. Дене және бет терісін емдеуге және күтуге арналған косметика экологиялық таза шикізаттардан жасалады. Косметика авторлық рецепт бойынша әзірленеді. Өнім түрлерінің барлығы зертханалық сынақтардан өткізілген.
Косметикалық өнімдер бойынша ғылыми зерттеулерді бір жыл ішінде қолға алдық. Осы уақыт аралығында органикалық заттарды зерттеу, авторлық рецепт әзірлеумен айналыстық. Кейін отандық нарыққа шықтық. Қазіргі таңда өнімнің үш желісі бар. Нақтырақ айтқанда, денеге арналған эко-скрабтар, тұздар мен кептірілген гүлдердің негізіндегі шайлар, саз негізіндегі маскаларды жасаймыз. Алдағы уақытта бетке арналған маскалардың жаңа түрлері мен кірпік өсіруге арналған құралдарды шығармақпыз. Бірегей рецепттер бойынша авторлық куәлігіміз бар, - дейді Римма Уәлиева.
Бұл өндіріс - Торайғыров университетіндегі табысты стартаптардың бірі. Өнім түрлерінің барлығы халықаралық сапа стандарттарына сай. Бүгінде брендтік косметика облыс орталығындағы бірнеше сұлулық салонында сатылуда.
Косметика құралдарын шығару идеясы пандемия кезінде пайда болды. Қатаң карантин кезінде қаламызда сұлулық салондары жабылып қалғаны белгілі. Көптеген нәзік жанды қиналып қалғаны белгілі. Сондықтан оларға көмектесу үшін үй жағдайында дене мен бетке күтім жасайтын өнім болса деген ой келді. Биолог болғандықтан, бұл бағытта зерттеу жүргіздік. Табиғи өнім адам қолымен жасалады. Шикізаттың барлығын экологиялық таза аймақтардан әкелеміз. Мәселен шипалы гүлдерді таулы Алтай мен таулы Қырым өңірлерінен тасымалданады. Ал тұздарды теңіздерден ғана аламыз. Қызғылт түсті Гималай тұзы - өнімдердің басым бөлігінің негізгі компоненті, - дейді биолог.
Жас ғалым алдағы уақытта қосымша қаржыландыру алу үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатыспақ. Қаржыландыру болса, дермотологиялық құрал-жабдықтарды сатып алып, өнім түрлерін көбейтпек.