"AQYL" депозитінің мақсаты – азаматтарымыздың өз біліміне немесе балаларының біліміне қаражат жинау.
Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) қатысушысы болды және бүгін онда алғашқы "AQYL" білім беру жинақтау салымдары ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алғашқылардың бірі болып Отбасы банкінде бұл салымды өз балаларына Астана қаласының тұрғыны Ақмаржан Шакупова ашты. Оның егіздері Айбол мен Айбек жақында бір жасқа толған. Енді олардың анасы ұлдарының болашақ біліміне белсенді түрде ақша жинауды жоспарлап отыр.
"AQYL" депозитінің мақсаты – азаматтарымыздың өз біліміне немесе балаларының біліміне қаражат жинау. Оның көмегімен қазақстандық немесе шетелдік білім беру мекемелерінде оқу ақысын төлеуге болады. "AQYL" білім беру жинақтау салымын кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық 12% (ЖТСМ 13,1% дейін) тең болады. Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5% (ЖТСМ 10,1% дейін) тең болады.
Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады.
- Банк жұмысының алғашқы сағаттарынан-ақ депозиттерді 50-ден астам қазақстандық ашып үлгерді. "AQYL" - бұл ата-аналарға балаларының оқуына қаражат жинауға көмектесетін ерекше құрал. Шынымен де, бала дүниеге келісімен әр отбасы ұрпағының қандай білім алатынын, ұлын немесе қызын шетелдік жоғары оқу орнында немесе қазақстандық институтта оқытатынын ойлайды. Егер бала грантқа түссе, онда "AQYL" депозитіндегі жинақтарды шешіп алып, оларды кез келген өзге мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады, - деп атап өтті "Отбасы банк" Басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Қазақстандық балалардың білімге қаражат жинақтау ісіне өз үлесін қосып, жыл сайын жинаққа сыйлықақы есептеп отырған мемлекеттің мұндағы көмегі өте маңызды. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5% құрайды. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз, яғни азық-түлік себетінен төмен отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7% мөлшерінде есептеледі.
Жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 100 АЕК-тен (2024 жылға 369 200 теңге) аспауға тиіс.
Мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс.
Депозит ашылған кезде міндетті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөлшері үш айлық есептік көрсеткішке немесе 11 076 теңгеге (2024 жылы) тең болуы керек. Болашақта депозиттің ай сайынғы аударымдар мөлшерін сіз өз мүмкіндігіңізге қарай анықтайсыз.
"AQYL" депозитін Отбасы банкінің жаңа мобильді қосымшасында 6 ақпаннан бастап ашуға болады. Ол үшін App store/Play market дүкенінен "Otbasy bank lite" мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Сондай-ақ Баспана маркет порталында (otbasybank.kz), банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің сайтына өтіп (hcsbk.kz), бейне қоңырау арқылы шот ашуға болады.
Салымшының бір ғана қолданыстағы білім беру депозиті болуы мүмкін. "AQYL" білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалған, сондай-ақ ол Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында сақтандырылған. Грант алған кезде жинақтаушы депозитті жабуға және мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, жинақтаудың барлық сомасын алуға болады.
Отбасы банкіндегі "AQYL" депозитін Ұлттық қордан алынған жинақтармен толықтыруға болады. Бұл төлемдерді биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар қолдана алады. Оны "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жасауға болады.
Қазақстандықтар Ұлттық қордан берілетін төлемдерді екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және оқу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. "Оқу ақысын төлеу" мақсаты "AQYL" депозитін толықтыруды көздейді.