​Отбасы банкте білім беру депозитін ашуға болады

0
1 248

Отбасы банкі мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) қатысушысы болады және 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандықтар банкте "AQYL" білім беру жинақтау салымын аша алады.


​Отбасы банкте білім беру депозитін ашуға болады

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы орынбасарының бұйрығына сәйкес, "Отбасы банк" АҚ-на ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) операциялардың қосымша түрлерін қоса отырып, лицензия берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Отбасы банк" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ:

- мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге;
- мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде сенімгердің мүддесі мен тапсырмасы бойынша ақшаны басқарудың сенімгерлік операцияларын жүргізуге.
Бұл дегеніміз, Отбасы банкі мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) қатысушысы болады және 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандықтар банкте "AQYL" білім беру жинақтау салымын аша алады.
Бұл депозиттің мақсаты – азаматтарымыздың өз біліміне немесе балаларының біліміне қаражат жинау. Осы депозиттің көмегімен қазақстандық немесе шетелдік ЖОО-да оқу ақысын төлеуге болады.
"AQYL" білім беру жинақтау салымын кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық 12% - ға тең болады. Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5% - ға тең болады. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Білім беру жинақтау салымы туралы жаңадан жасалатын шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесінің өзгеруіне және нарықтағы қаржы құралдарының ағымдағы кірістілігіне байланысты қайта қаралатын болады.
"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – бұл білім алуға қаражат жинақтауға көмектесетін бірегей жоба. Қазақстанда ол 10 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір басқа банктерде бұрын ашылған 14 мыңнан астам "AQYL" білім беру жинақтау салымдары бар. 1 ақпаннан бастап депозит ашып, өз біліміне немесе балаларының біліміне ақша жинауды Отбасы банкінде де бастауға болады. Бұл істе қазақстандықтарға мемлекеттік сыйлықақыны да есептей отырып, мемлекет те көмектесетін болады. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5% құрайды.
Бірақ жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз, яғни азық-түлік себетінен төмен отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7% мөлшерінде есептеледі", - деп түсіндірді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖЖ) туралы заң бойынша жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 100 АЕК-тен (2024 жылға 369 200 теңге) артық сомадан аспауға тиіс. Мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс.
Депозит ашылған кезде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері үш айлық есептік көрсеткішке тең. 2024 жылы АЕК мөлшері 3 692 теңгеге тең. Осылайша, депозитті ашқан кезде бірден 11 076 теңге салу қажет болады.
Салымшының бір ғана қолданыстағы білім беру депозиті болуы мүмкін. "AQYL" білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалған, сондай-ақ ол Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында сақтандырылған. Грант алған кезде жинақтаушы депозитті жабуға және мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, жинақтаудың барлық сомасын алуға болады.
Сондай-ақ, Отбасы банкінің лицензиясына операциялардың тағы бір түрі енгізілген: тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақтау төлемдерін есепке алуға арналған жеке тұлғалардың ағымдағы шоттарын ашу және жүргізу. Бұл жағдайда біз Отбасы банкінің "Ұлттық қор – балаларға" жобасына қатысуы туралы айтып отырмыз. 2024 жылдың ақпан айынан бастап enpf-otbasy.kz платформасы арқылы, биылғы жылы 18 жасқа толған азаматтар тағайындалған қаражатты пайдалана алады.
Бағдарламаға қатысушылар онлайн режимінде өз жинақтарын келесі мақсаттарға бағыттай алады:
- өз қаражатын пайдалану мүмкіндігімен тұрғын үйді сатып алу;
- ипотекалық қарызды толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеу;
- ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу, оның ішінде жөндеу
жұмыстарын жүргізу;
- Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру;
- "AQYL" білім беру депозитін толықтыру;
- Қазақстанда оқу ақысын төлеу;
- басқа елдерде оқу ақысын төлеу;
- оқу несиесін төлеу.