Өзгелер мемлекеттік қызметкерден үлгі алуы керек – Н.Нышанов

0
1 196

2013 жылы мемлекет басшысының Жарлығымен бұл дата «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілді.


Өзгелер мемлекеттік қызметкерден үлгі алуы керек – Н.Нышанов

Естеріңізде болса, 2003 жылы наурыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусым күнін «Мемлекеттік қызмет күні» деп жариялаған еді. Ал, Қазақстанға бұл тәжірибе 10 жылдан кейін енгізіліп, 2013 жылы мемлекет басшысының Жарлығымен бұл дата «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілді. Содан бастап биыл бұл мереке оныншы жыл қатарынан атап өтіліп жатыр. Осы ретте оңтүстік өңірінің бас мемлекеттік сантитариялық дәрігері, денсаулық сақтау саласына саналы ғұмырын арнаған Нышанов Нұрбек Садықбекұлын әңгімеге тартып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанық болған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


- Нұрбек Садықбекұлы, бүгінде сізді мемлекеттік қызметші ретінде танитын адам көп. Дегенмен әңгімені жеке өмірдерегіңізден бастасақ. Қашан, қай жерде өмірге келдіңіз, қай жерде білім алдыңыз? Жалпы, өмірде қандай жансыз?

- Мен 1962 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданы, қазіргі Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында туылғанмын. 1979 жылы 10 жылдық орта мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының сантитарлық-гигиеналық тазалық факультетіне оқуға түстім. Сол институтты 1986 жылы бітіріп шықтым. Ауылда өскен мен үшін іргелі оқу ордасында білім алу барысында қиындықтар да болды. Мысалы, бұл институтта сабақтар орыс тілінен бөлек, латын тілінде де жүргізілетін. Медицинаның барлық саласы бойынша білім алдық. Алғашқы екі жылда шет тілдерін меңгеру қиындық тудырды. Дегенмен, барлық кедергіні еңсеріп, абыроймен жоғарғы білім алып шықтық. Содан бер осы салада қырық жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келемін. Ал, менің қандай адам екенімді танитын адамдардан, бірге жұмыс істеген, бірге оқыған әріптестерімнен сұрағаныңыз жөн. Себебі мен өзімді мақтайтын не даттайтын жан емеспін.


- Артылар жүгі ауыр мемлекеттік қызмет саласына қашан келдіңіз? Қанша уақыт бойы қажыр-қайратыңызды осы салаға сарп еттіңіз?

- Жаңа ғана айтқанымдай мемлекеттік қызметке оқу бітіре салып кірістім. Алғашқы жылы санитарлық дәрігердің көмекшісі болдым. Одан кейін бұрынғы Бөген, қазіргі Ордабасы аудандық санитарлық эпидемиялық қызметте дәрігер эпидемиолог болып 2 жыл жұмыс істедім. Сол ауданда жұмыс істей беретін бе едік, дегенмен 1988 жылы аудан таратылып, аудан орталығы Арыс қаласына көшті. Сол себепті Леңгір ауданына қызметке бардым. Ал, 2003 жылы түрлі заңдар бойынша арнайы тесттен өтіп, облыс әкімшілігінен құрылған комиссия нақты мемлекеттік қызмет саласына қабылдады десем қателеспеймін. Жалпы, институт бітіргелі бері бір салада жұмыс істеп келе жатырмын. 2002 жылдан 2008 жылдың аяғына дейін облыстық санитарлық эпидемиялық қызметте аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімін басқардым. Одан кейін Төлеби ауданындағы басқармаға басшы болып тағайындалып, 2013 жылға дейін қызмет еттім. Кейіннен облыстық санитарлық эпидемиялық қызметке директорболып тағайындалдым. Дегенмен 11 айдан кейін біздің қызмет тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі болып өзгеріп, басшының орынбасары-бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болдым. Ал, 2017 жылы департамент басшылығына қайта оралып, өңір тұрғындарының игілігі үшін қызмет атқарып жатырмыз. Қызмет болған соң өзіндік қиыншылықтары да болды, түрлі қауіпті жұқпалы аурулармен күрестік. Бұл салада қызмет еткен адам бірнеше министрлікпен жұмыс жасайды. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау, мектепке дейінгі мекемелер, емдеу мекемелері, еңбек, өндіріс орындары, тамақ өнеркәсібі, жалпы адам жүретін барлық жерде санитарлық эпидемиялық қызмет мамандары жұмыс істейді. Біздің әріптестер 3 жыл бойы елдің есін алған коронавируспен күресте де талмай қызмет еткенін көпшілік біледі. Мұндағы мамандар осы қызмет ұнайтын болғандықтан жұмыс істеп келе жатыр деп ойлаймын.


- Ауқымды бір ұжымға, оның ішінде жүздеген қызметшіге басшы болудың артықшылықтары немесе кемшіліктері бар ма?

- Қазіргі уақытта біздің департаментте 320-дан аса мемлекеттік қызметкер, 160 әкімшілік қызметкерлері бар. 2000 жылдары облыс көлемінде мыңға жуық қызметкер болатын. Дегенмен, мемлекет басшысының, Үкіметтің шешімімен қысқарту орын алды. Артықшылығы – тынбай еңбек етеміз. Ал кемшілік деп кейде уақыттың тығыздығынан кейбір жұмыстарға үлгермей жатуымызды айтуға болатын шығар.


- Мемлекеттік қызмет жеке өміріңізге, отбасыңызға қандай да бір кедергі келтірмей ме?

- Мемлекеттік қызметтің жеке өміріме ешқандай кедергісі жоқ. Себебі мамандықты да, қызметті де өз қалауым бойынша таңдағанмын. Басқа салаға ауысу жайлы ой болған емес. Жұбайымыз екеуміз 2 ұл, 1 бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Қазір үшеуі де үйлі-жайлы болып, ұрпағымызды өрбітіп жатыр.


- Бірер жылдың жүзінде зейнеткерлік жасқа жеткелі отырсыз. Сол кезге келгенде жұмыс істей бересіз бе, әлде құрметті демалысқа шығасыз ба?

- Құдай қаласа, бір жылдың арғы жақ-бергі жағында ол жасқа да жетеміз. Енді зейнеткерлікке шықаннан кейін сұрақ туындайтыны рас. Әр кісінің өзіндік таңдауы болады. Ол бірінші кезекте денсаулыққа, одан бөлек ұрпақ тәрбиелеуге байланысты. Яғни нақты шешім шығара алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді. Дегенмен өз ойымша, осы жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Сондықтан бұл кезге аман-сау жеткеннен кейін ата-бабамыз айтпақшы, «тәубә!» деген дұрыс. Себебі, адамға алдымен қанағат керек.


- Бүгінгі мемлекеттік қызмет саласына енді келген ізбасарларыңызға қандай кеңес бересіз? Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?


- Біз биыл бірнеше жас маманға басқарма тізгінін ұстаттық. Негізі мемлекеттік қызметке екінің бірі келе алмайды. Оның үстіне Мемлекет басшысы айтқан бүгінгі және келешектегі «Жаңа Қазақстан» оларға үлкен сенім артып, мол жауапкершілік жүктейді. Басты қағида – елге, Отанға және қызметке деген адалдық. Жұмыс бабында да, қызметтен тыс кезде де әдеп сақтауы қажет. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметкер өзгелерге үлгі болуы тиіс.


- Әңгімеңізге рахмет! Абырой-беделіңіз аласармасын!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ